Жаңалықтар

«Қалыптастырушы бағалау – күнделікті оқудың бір бөлігі»


Финляндиялық HundrED ұйымының зерттеушісі әрі білім беру ісінің маманы Клара Гарсия Мильян:

–  NIS-тің «Қалыптастырушы бағалауда проактивті мұғалім болу» атты бастамасы – әлемдік педагогикалық қауымдастыққа қосқан өлшеусіз үлесі

NIS Педагогикалық өлшеулер орталығының дөңгелек үстелі қалыптастырушы бағалау тақырыбына арналып, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орайластырылған кездесулер легін аяқтады.

Бағалау оқушыларды білімге қалай ынталандырады және олардың әл-ауқатына қалай әсер етеді, бағалаудың қандай тәсілдері балалардың дамуына ықпал етеді – бұл жиында бас қосқан педагогтерді толғандырған басты сауалдар.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова өз алғысөзінде  бағалаудың ең басты міндеттерін айқындап берді:

 – Қалыптастырушы бағалаудың мағынасы тек баға қою ғана емес, конструктивті түрде кері байланыс беру және жетілдіруді қажет ететін тақырыптарды анықтауға бағытталған. Оқушы қойылған бағаны түсініп, талдай білуі қажет.

Ұлыбританиядан Cambridge Assessment директорының оқу бағдарламаларын әзірлеу және біліктілікті арттыру жөніндегі орынбасары Эбигейл Барнетт «Қалыптастырушы бағалау тәжірибесін енгізудегі контекстің ықпалын түсіну» тақырыбындағы баяндамасымен қосылды:

– Білім беру жүйесі элементтері арасындағы байланысты түсіну оқушылар мен мұғалімдерді, мектеп басшылығын және басқа да мүдделі тұлғалардың қалыптастырушы бағалауды оқыту процесіне енгізуге ынталандырады.

Австралиядағы Бат-Спа және Чарльз Стерт университеттерінің ғылыми қызметкері Рейчел Джефферсон-Бьюкенен оқушылардың әл-ауқатына әсер ететін 8 аспектінің сыныпта қолданылатын төртеуі – физикалық, әлеуметтік, эмоционалды және интеллектуалды түрлеріне кеңінен тоқталып, жеке тәжірибелік кеңестерін ұсынды.

Ал оқушылармен тиімді кері байланыс орнатудадағы табысты кейстерімен бөліскен республикалық физика-математика мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нұрбақыт Акульбекова  бағалауды білім алушының жалпы дайындық деңгейінің өзгеруін белгілеумен қатар, түрлі танымдық іс-әрекеттердегі жетістіктер динамикасын көрсетуі керек екенін атап өтті.

Бағалауға қатысты әлемдік тәжірибе қай бағытта дамып келеді? Сабақта қандай жаңаша әдіс-тәсілдерді қолдануға болады? Осы сұрақтар төңірегіндегі практикалық жұмысымен финляндиялық HundrED ұйымының зерттеушісі әрі білім беру ісінің маманы Клара Гарсия Мильян бөлісті:

– Қалыптастырушы бағалаудың оқу мен оқытуды жетілдіретініне әлдеқашан көз жеткіздік. Зерттеу барысында бұл үрдісті тәжірибеге енгізудегі үш негізгі стратегияны ұсынғымыз келеді – сабақтың мақсаты мен күтілетін нәтижелерді оқушылармен бірлесіп ойластыру, білім алушының оқу процесінің қалай жүргізіліп жатқанын түсінуіне көмектесу, өзін-өзі бағалау мен өзара бағалауды қолдану.

Сондай-ақ Клара Гарсия Мильян әртүрлі елдер арасынан іріктелген қалыптастырушы бағалаудың табысты үш инновациясына тоқталып, қатардан көрінген NIS-тің проактивті мұғалім болу жобасын әлемдік педагогикалық қауымдастыққа қосқан өлшеусіз үлесі деп атады.

Қарағандыдағы Зияткерлік мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Мейрамгүл Сүлейменова қалыптастырушы бағалау бойынша 7-сынып оқушылары арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері арқылы балалардың ой-пікірін жеткізе білді. Педагог сабақ барысында бағалау критерийлерін оқушылармен бірлесе жасақтаудың нәтижелі болатынын алға тартты.

Ал топтық жұмыста оқушыны бағалаудың әдісі туралы Өскемен қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №39 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Алена Рахимова тарқатты. Жас педагог дәріс кезінде топ ішіндегі ынтымақтастық, өзін-өзі ұстауы, тақырыпты түсіну мен тапсырмаларды орындау, өзгелерді тыңдау білу секілді қасиеттерге баса назар аударады.

NIS Педагогикалық өлшеулер орталығы директоры Лейла Тұрсынова спикерлер жүргізген зерттеулердің сапалы білім берудегі рөлі мен оқыту процестеріне енгізудің маңызы мен тұрақтылығын атап өтті.

«Қалыптастырушы бағалау – күнделікті оқудың бір бөлігі» атты дөңгелек үстел 2500-ден аса қазақстандық педагогтің қоржынын жаңа стратегиялармен толықтырды.

 



Қаралым: 276
Жарияланған: 07 Желтоқсан