Жаңалықтар

2022 жылғы WRO-дағы Қазақстан туының астындағы NIS бауырластығы


Германияның Дортмунд қаласында өткен 2022 жылғы WRO-да Қазақстан туы астында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің әр жылдардағы түлектері бас қосты, олар NIS бауырластығы де-юре және де-факто кеңейіп жатқанын жеке мысалдарымен тағы да растады.

Алматыдағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте оқып жүргенде робототехника бойынша ең беделді әлемдік турнирлерде мемлекеттік туды талай мәрте желбіреткен Любовь Дудченко Ахен қаласынан Дортмундқа бірінші болып келді. Оныншы сыныпта Люба «Oqyp qor» жобасымен Қытайда өткен жасөспірімдер арасындағы халықаралық ғылыми-техникалық инновациялар байқауында бірінші орын иеленді, он бірінші сыныпта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне мобильді қосымша жасап, «Baiterek hackathon-2019» республикалық инновациялық жобалар байқауында «Үздік IT-жоба» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылды. Даниил Филимонов және Элина Пакпен бірге Венгрияның Дьер қаласында өткен 2019 жылғы WRO-да ел қоржынына қола жүлде алып келді.

Любовь Дортмундқа Дүниежүзілік робототехника олимпиадасының төрешісі ретінде келіп, бүкіл ұлттық құраманы шабыттандырды.

Талдықорғандағы Зияткерлік мектеп түлегі Айя Байғалиева WRO-ның стримингтік трансляциясында волонтер болып жұмыс істеді. Ол Швайнфурт қаласынан келді, бүгінде қолданбалы ғылымдар университетінде «логистика» мамандығы бойынша оқиды.

Динара Алманова қазақстандық ту ілінген баспасөз алаңына бірінші болып жақындады. Орал қаласындағы Зияткерлік мектепте оқып жүргенде робототехникамен айналысып, көптеген халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғаған. Қазіргі таңда ол Венгрияда, Будапешт технология және экономика университетінде инженерия мамандығы бойынша білім алуда, сондай-ақ белгілі трансұлттық «Bosch» компаниясында қызмет атқарады. 2022 жылғы WRO-ның Дортмунд қаласында ұйымдастырылатынын білген сәтте, міндетті түрде Германияға барып, ұлттық командаға қолдау көрсетемін деп шешкен.

Турин политехникалық институтын тәмамдаған Атыраудағы Зияткерлік мектеп түлегі Айнұр Адайбаева да дәл осындай шешім қабылдаған. Ол Италиядан емес, Амстердамнан келді, онда байқауға қатысып, әйгілі «Booking.com» сервисіндегі қызметін бастады.

Қызылордадағы NIS түлегі, қазір Назарбаев университетінде білім алып жатқан Владимир Усольцев Дортмундқа елордалық «Роботек» мектебінің жаттықтырушысы ретінде келді. 2022 жылғы WRO-да Усольцевтер тегі қатар жүрді. Владимирдің туған інісі Максим Дортмундқа NIS атынан қатысып, ағасының да тәлімгері болған Серік Ахметовтің командасында өнер көрсетті.

Сұлтанғазы Даиров үшін WRO-2022 әлемдік деңгейдегі жарыстарда тренер ретінде үлкен дебют болды. Сұлтанғазы Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS-ті бітіріп, бүгінде Astana IT University-де оқиды, елордадағы «Роботек» мектебінен келді. Дортмундта оның оқушылары Жанарыс Қапаров пен Вагиз Дисембаев Robomission Junior санатында жарысты. Жанарыс та жаттықтырушысы сияқты физика-математика бағытындағы NIS-те оқиды, бірақ оның мектебі Астанада.

Қуаныш Мағауин елордадағы республикалық физика-математика мектебі командасын Германияға алып келді. Қазақстандық мұғалімдер арасында бірінші болып Apple-тренер сертификатын алған Қуаныш Павлодардағы Зияткерлік мектепте алты жыл сабақ берді. Ол өзінің педагогикалық өмірбаянының алғашқы жылдарын жылы лебізбен еске алады және бүгінде NIS бауырластығында.

Әр жылдардағы түлектердің жетістіктері мен жеке оқиғалары 2022 жылғы WRO-ға қатысқан Зияткерлік мектептердің бүгінгі білім алушыларына ерекше әсер қалдырды, олар NIS бауырластығының мәңгілік екеніне көз жеткізді.

 



Қаралым: 218
Жарияланған: 24 Қараша