Жаңалықтар

Қарағандыдағы NIS оқушылары балалар үйінің тәрбиеленушілеріне бағдарламалауды үйретпек


Қарағанды қаласындағы Зияткерлік мектептің «Мейірім көпірі» клубының педагогтері мен волонтерлері даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балалар үйінде әлеуметтік жоба аясындағы жұмысын бастады.

Жақында 9-11 сынып оқушыларынан құралған клуб еріктілері информатика пәні мұғалімдері Айгерім Абдикашева, Людмила Устинова және клуб жетекшісі Гүлнара Сеитованың басшылығымен ақпараттық кездесу өткізді. Олар барлық ұйымдастыру жұмыстарын талқылап, балалар үйінің тәрбиеленушілерін жоспарларымен, курс мазмұны және сабақ кестесімен таныстырды.

Жобаның бастамашысы және грант  иегері 12-сынып оқушысы Томирис Мадиева клуб волонтерлерімен бірлесіп танысу және ұйымдасу тренингтерін өткізді. Балалар бір-бірімен жақын танысып, қызығушылықтары мен арман-мақсаттары жайлы ой бөлісті.

Мамыражай кездесу қатысушылары гитарамен ән салып, арадағы достық қарым-қатынасты нығайтуға, жоба аясында өтетін алдағы сабақтарға бірлесіп кірісуге ниетті екінін білдірді.

Жоспар бойынша оқыту сабақтары алдағы сенбіде басталады. Осы аптада балалар үйінде ZHAS PROJECT-2022 ұйымдастырушыларының грант бойынша ұсынған қажетті компьютерлік жабдықтары орнатылады.

– Осы жобаның арқасында еріктілер Peer to Peer оқыту әдісі бойынша жұмыс істеп, әлеуметтік тәжірибе жинамақ. Белсенді өмірлік ұстанымы бар, қоғамға және өз еліне қызмет етуге ниеттенген тұлға ретінде дамитын болады, –  деп атап өтті клуб жетекшісі Гүлнар Сейітова.

 



Қаралым: 1026
Жарияланған: 16 Қырқүйек