Жаңалықтар

Тараздағы NIS оқушысы Ералы Әуесбай республикалық «Spelling English» олимпиадасының жеңімпазы атанды


Тараз қаласындағы Зияткерлік мектеп оқушысы Ералы Әуесбай ағылшын тілінен республикалық «Spelling English» байқауында бірінші орынды иеленді. Білім бәйгесі «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы базасында «Ойлан! Қимылда! Іске асыр!» балалар медиафорумы аясында өтті.

–     Жарысқа қатысудағы басты мақсатым – білімімді ұштап, білмегенімді үйрену және өз портфолиомды толтыру, – дейді Ералы.

Республикалық медиафорум барысында жасөспірімдер елдегі танымал БАҚ өкілдерімен кездесіп, журналистика саласының қыр-сырын меңгерді. Сондай-ақ балалардың жазғы демалысын жан-жақты әрі пайдалы өткізу үшін концерттік бағдарламалар мен театрландырылған қойылымдар, үйірмелер, білім және спорттық сайыстар, ауысымның тематикасына сәйкес түрлі жобалық жұмыстар ұйымдастырылған.

Ералы өзінің он бесінші жасын лагерде қарсы алды.

– «Балдәуренді» бақытты балалар аралы деп бекер атамаған. Әр күніміз қызыққа толы болды. Үйірмелерде тәжірибе және интерактив көп екен, еш жалықтырмайды. Бұл жер маған жаңа дос, ерекше білім, өмір бойы жадымда қалатын әдемі сәттер мен естеліктер сыйлады, – дейді жас қатысушы.

«Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы әр ауысым сайын жас патроиоттар академиясына іріктеу жүргізеді. Тараздық зияткердің айтуынша, академия мүшесі атанған әрбір бала елдегі волонтерлік қозғалысты дамытуға үлес қосады.

«Ойлан! Қимылда! Іске асыр!» республикалық балалар медиафорумы Қазақстанның түкпір-түкпірінен 300-ге жуық жасөспірімнің басын біріктірді.

 



Қаралым: 303
Жарияланған: 03 Тамыз