Жаңалықтар

NIS журналистерге ерекше сый-сияпат әзірледі


Кәсіби мереке қарсаңында журналистерді Назарбаев Зияткерлік мектептері ерекше форматта құттықтады.

Атыраудағы NIS ұжымы БАҚ өкілдерін таңғы жаттығулар және топтық бимен қарсы алды. Өңір журналистері өздерін мектеп оқушылары ретінде сезініп, балалыққа сапар шекті. Химия сабағында түрлі эксперменттер жасалды, ағылшын тілінде тәжірибелік сабақтар, сондай-ақ вокал өнерінен шеберлік сағат пен психологиялық тренингтер ұйымдастырылды.

Ақтөбедегі NIS-те журналистер Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Ильсияр Казакованың шеберханасына барды.

– Күнделікті күйбең тірліктен, жұмыстан, телефоннан бір уақыт алыстап, демалып қалдық. Кәдімгідей релакс болды. 24/7 жұмыс жасайтын біздер үшін рухани демалыстан артығы жоқ, – деп «Керек.info» қоғамдық-ақпараттық газетінің тілшісі Арайлым Қасым өз алғысын жеткізді.

Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқушылар мен журналистер арасында «Не? Қайда? Қашан?» зияткерлік ойыны өтті. БАҚ өкілдері NIS-тің түрлі интеллектуалды ойындары мен танымдық кездесулеріне қатысуды жалғастыруға ниет білдірді.

– Іс-шара жоғары дережеде өтті. Бүгінгі сайыста жеңілсек те, оқушылар өз білім деңгейін көрсете білгені қуантты. Осы алған беттен таймай, оқуда биік жетістіктерге жетуге тілектеспіз, – деп бөлісті Saryarqanews интернет-порталының журналисі Ақниет Ысқақ.

Мәтін жазатын, түрлі сала мамандары жайында бағдарлама жасайтын, журналистік зерттеулер жүргізетін БАҚ өкілдері Оралдағы NIS-те қыш өнерімен танысып, ұрмалы аспаптарда ойнады.

«Ақжайық» телеарнасының бейнемұрағат бөлімі меңгерушісі Рабиға Мұқанғалиева сазбен жұмыс істеуді бала кезінен жақсы көретіндігімен бөлісті. Қыш құмыра жасау сабағы оның арманының орындалғаны ғана емес, сонымен қатар көптеген жағымды эмоциялар әкелген ерекше және ұмытылмас сыйлық болды.

Бұл күні Петропавлдағы NIS-те шығармашылық кәсіп өкілдері өздерін жаңа қырларынан таныта білді. Зияткерлік мектепте облыс орталығы телеарналарының, өңірлік газеттер мен ақпараттық порталдардың редакторлары мен тілшілері жиналды. Журналистер микрофон мен қаламдарын бір сәтке қалдырып, мольберттер алдына жайғасты.

– Бастапқыда сурет салу мүлде қолымнан келмейтін іс пе деп ойладым. Сөйтсем, білікті маманның кеңесін тыңдап, әдемі жұмыстар жасауға болатынына көз жеткіздім. Өзімізді жаңа қырымыздан ашуға мүмкіндік бергеніңіз үшін рахмет, – дейді «Хабар 24» телеарнасындағы «Tech news» бағдарламасының редакторы Светлана Дроздецкая.

Облыстық «Qyzyljar» телеарнасының бас редакторы Индира Баймұхамбет те бейнелеу өнерінен өз бағын сынады. Ол көптен бері сурет салуды армандағанын жеткізді.

– Кәсіби мерекеміз қарсаңында жаңа форматтағы ерекше құттықтау ұйымдастырған мектеп басшылығына ризамыз, – деп бөлісті Индира Баймұхамбет.

Семей мен Түркістандағы NIS-те «Туған елге тағзым» жобасының салтанатты ашылу рәсімінде өңірлік БАҚ өкілдері зерттеу-өлкетану экспедициясының барысымен танысты. Іс-шара аймақтың тарихи-мәдени орындары мен кәсіпорындарына экскурсия жасаумен жалғасты.

Журналистика күніне орай Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS оқушылары тілшілер мен тележүргізушілердің күнделікті қызметі туралы фильм дайындады. Кездесу барысында «Otyrar» телеарнасының журналисі Жанерке Хумар оқушыларға ақпаратты тексерудің ең қарапайым тәсілдері туралы айтып берді:

– Медиа сауаттылық әрбір адамға қажет, сауаттылықты арттыратын қосымша сабақтар өте көп. Дегенмен ақпаратты тексерудің ең қарапайым тәсілі – фото арқылы білуге болады.

Қостанайдағы NIS-те мереке қарсаңында «Туған елге тағзым» жобасы аясында БАҚ өкілдері мен оқушылар TEDx форматында ой бөлісті.  Қостанай облысы әкімдігінің әлеуметтік даму басқармасы басшысының орынбасары Динара Қарымсақова «Қазіргі замандағы БАҚ» тақырыбында сөз сөйлесе, «Qostanay» облыстық телеарнасының тілшісі Әйгерім Төлепова әлеуметтік иллюзияны қалыптастырудың факторы ретінде қызмет атқаратын журналистика саласы жайында айтып берді.

Ақтаудың NIS-те қосымша білім беру педагогтары журналистер үшін сәндік-қолданбалы өнер бойынша мастер-кластар өткізіп, қолөнердің жаңа түрлерімен таныстырды.

– Журналистер үнемі қызу жұмыс үстінде жүреді, ал бүгін біз классикалық музыка тыңдап, қолөнермен айналыстық, – деді Маңғыстау облысы Қоғамдық коммуникациялар орталығының журналисі Құралай Алтынбекқызы.

Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы NIS-те медиамарафоны аясында «Түркістан медиахолдинг» ЖШС бағдарламалар бөлімінің басшысы Камила Мәулен, «Отырар» телеарнасының дикторы, дауыс қою бойынша жаттықтырушы Құдайберген Жанат, фотожурналист Әйгерім Бегімбет Қаратау ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Айнұр Сансызбай және «Нар ТВ» телеарнасының тележүргізушісі Азиза Мадияровна өз мамандығының құпиясымен бөлісіп, журналист пен блогер ұғымдарының айырмашылығын айтып берді.

Айта кету керек, NIS-те журналистика күніне орай республикалық медиа-марафон аясында елордадағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірнеше шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Оңтүстік астанасындағы NIS-те футбол, шахмат және волейболдан спартакиада өтті.

 



Қаралым: 158
Жарияланған: 28 Маусым