Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет қайраткері Айтжан Тоқтағанға алғыс хат жолдады


Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларымен ауқымды домбыра сабағын өткізген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Айтжан Тоқтағанға алғыс хат жолдады.

«Халық мұрасын насихаттау және үйрету ісіне бел шеше кірісіп, көпшілікке белгісіз туындыларды нотаға түсіріп, олардың авторларын анықтауға атсалысып келесіз. Сан жылғы зерттеу жұмыстарыңыздың нәтижесі іспетті еңбектеріңіз қазіргі таңда музыка мектептері мен оқу орындарында оқулық ретінде қолданылып жүр. Ал Назарбаев Зияткерлік мектебінің мыңнан астам оқушысы қатысқан домбыра сабағыңыз өскелең ұрпақтың ұлттық күй өнеріне қызығушылығын арттырып, білімін тереңдеткен маңызды шаралардың бірі болды. Ұлттық өнерді ұлықтауға бағытталған бұл мәдени іс-шара Гиннес рекордтар кітабына енеді деп сенемін», – делінген Ақорда сайтында. 

Айтжан Тоқтаған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының халық аспаптары факультетін домбыра класы бойынша бітірген. Елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте 2011 жылдан бастап қосымша білім беру педагогы болып жұмыс істейді, осы уақыт ішінде мыңдаған оқушы Айтжан ағайдың арқасында қос ішектің құлағында ойнаумен қатар нағыз қазақ – домбыра екенін жадына сіңіріп келеді. Талантты педагог әрі музыканттың жетекшілігімен құрылған мектепішілік «Жігер» ансамблі көптеген республикалық және халықаралық музыкалық байқаулардың жеңімпазы, «Sun of Italy» итальяндық фестиваль-байқауының бас жүлде иегері, әйгілі Шырмауық лигасындағы Гарвард және Массачусетс технологиялық институтының, сондай-ақ Бостон университетінің сахналарында өнер көрсетті.

2022 жылғы 24 мамырда Айтжан Тоқтаған ең ауқымды домбыра сабағына дирижерлік етті, оны Гиннес рекордтар кітабына енгізу жоспарланып отыр. Оқушылардың орындауында «Сарыарқа», «Балбырауын», «Еркем-ай», «Кеңес», «Жастар биі» сынды атақты күйлер күмбірлеп, туындылардың шығу тарихы баяндалды. Мың бір Зияткерлік домбыра дүниежүзіне қазақ өнері мен дәстүрлерін таныстырды. 

– Домбыра – әрбір қазақ үшін қасиетті аспап, ал біздің сабағымызды Гиннес рекордтар кітабына енгізу – бұл домбыраны бүкіл әлемге паш ету, – деп атап өтті Айтжан Тоқтаған. 



Қаралым: 215
Жарияланған: 28 Мамыр