Жаңалықтар

Барлық NIS-те оқу жылы домбыра сабағымен аяқталды


Биылғы оқу жылының соңғы сабағы барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінде «100 күй» жобасы аясында өткізілген домбыра сабағымен аяқталды.

Қазақ халқының ұлттық құндылығы, музыкалық мұрасы болған аспапқа құрмет ретінде өткізілген музыкалы-танымдық сағат оқушыларға домбыра тарихын, құрылысы жөнінде мағлұмат берді, оқушылардың ұлттық өнерге деген құштарлығын арттырды. Домбыра сабақтары математика, физика, шет тілі сабақтарымен кіріктіріліп өткізілді.

Еліміздегі барлық NIS-те Құрманғазы Сағырбайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Нұрғиса Тілендиевтің атақты күйлері ойналды.

Физика-математикалық бағытындағы оңтүстік астанамыздың NIS-те оқушылар сандық тәсілді пайдаланып «Балбырауын» күйін орындаса, химия-биологиялық бағытындағы Алматыдағы NIS-тің тарих пәні мұғалімі Асқар Маңқараев жүргізген зияткерлік ойынында оқушылар әр күй авторының шығармашылығына, тарихына, маңыздылығына тоқталып, қазақ музыкасы мен киелі аспабы туралы білім-дағдыларын ортаға салды.

– Бүгін өткізілген сабақ ұлттық музыканың ерекшеліктерін, халқымыздың мәдени бірегейлігін сақтаудың маңыздылығын түсінуге көмектесті.

Петропавлдағы NIS-те оқушылар практикалық сабақ алып, бір уақытта Ғабидолла Тастановтың «Би» күйін үйренді. Оқушыларға күй өнері жайында сабақтың арнайы мейманы - республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, «Үздік жас жыл мұғалімі»2 төсбелгісінің иегері Бәйімбет Құбайдолла толығырақ ақпарат берді.

– Әр мектептің өз тарихы, ерекшелігі, күй орындау стилі бар. Мектептердің әр бірі қазақтың күй өнерінің дамуына өзіндік өшпес үлесін қосты. Бүгінгі жас ұрпақ осы атадан қалған мұраны қастерлеп, күй өнерін дамытқаны абзал.

Домбыра туралы сұрақ-жауап викторина форматында Талдықорғандағы NIS оқушылары қазақ музыкасы туралы, ұлттық аспап – домбыраның жасалуы мен құрылымы туралы білімдерін ортаға салды.

– Домбыра сағатында бұл музыкалық аспап ежелден қазақ халқының бай рухани тарихы мен салт-дәстүрінің символы болғанын және болып қала беретінін тағы да еске салды. Шараның арқасында менде домбыра тартуды үйренуге деген ынта пайда болды, - деп өз әсерімен 7-сынып оқушысы Анель Ардақова бөлісті.

Тараздағы NIS-тің арнайы қонағы болып келген Жамбыл облысы филармониясының күйшісі Дидар Басқараев:

– Бүгінгі шарада жас зияткерлер ұлттық аспапты дәріптеп, күй өнерін жаңғыртты. Назарбаев Зияткерлік мектептері баланың бойында ұлттық құндылықтарды сіңіру бағытында көптеген жобаларды іске асып келеді

Ақтаудағы NIS-те домбыра сабағы барысында оқушылар аспапты физикалық түрде тани білді. SPARK құрылғысын пайдаланып, күйдің амплитудасын анықтады.

Ал Ақтөбедегі  NIS түлегі Бағжан Нұрланұлы оркестр мүшелеріне «Көроғлы» күйін «STEAM» технологиясын қолдану арқылы орындауды үйретті.

Атыраудағы NIS-те «100 күй» жобасы аясында ұлттық рухты ұлықтайтын шараны 300 оқушы тамашалады.

Ал Түркістандағы NIS оқушыларын заманауи әндерді орындауда домбыра аспабын қаншалықты дұрыс қолдануға болады және де электродомбыра мен қарапайым домбыраны қолданудағы басты айырмашылықтар туралы және ұлттық аспапқа байланысты ақпарат қызықтырды.

Физика-математикалық бағытындағы Шымкенттегі NIS-ке қонақ болып келген 12 сынып оқушысы Рахымжан Оразғалидың әкесі Нұрғали Өтешовпен оқушылар домбыра тартып, шер тарқасты. 

–  Мен осы жылы мектепті тәмамдағалы тұрмын, өзім Ресейде білімімді жалғастырамын деген ойдамын. Ол жақта жүргенде домбыра менің серігім болып, еліме деген сағынышымды күйлер арқылы басамын деп ойлаймын, – деді өз сөзінде Рамазан Нәліпбек. 

 



Қаралым: 182
Жарияланған: 27 Мамыр