Жаңалықтар

Батырларға тағзым


Жеңіс күні Ақтөбе, Павлодар, Тараз, Шымкент қалаларындағы Зияткерлік мектеп оқушылары Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін құттықтады.

Таразда «Қызыл Жұлдыз», I және II дәрежелі Отан соғысы ордендері, сондай-ақ 28 медальмен марапатталған Мұсахан Бердібаев оқушыларға шабыт сыйлады. Жасы жүзге келсе де, күш-қуатқа толы, немерелері мен шөберелерін бағып жүр.
 
Ақтөбеде Зоя Даниловна Бойконың соғыс кезімен тұспа-тұс келген балалық шағы туралы естеліктері оқушыларға ерекше әсер етті:
– Алты жасар балалар егіс алқабында қолмен бидай теріп, тамақтың орнына бидай дәндерін қуырып, оларды барлық отбасы мүшелеріне тең бөліп, күні бойы ауыр жұмыс жасады. Барлық әйелдер, өсе келе біз, түнде жылы шұлықтар мен қолғаптар тоқып, оларды да майданға жіберіп отырдық.
 
Павлодардағы NIS-тің жатақханасында тыл еңбеккерлеріне арналған «Сарғайса да тарихтың ақ парағы, ол күндер мәңгі есте сақталады» атты концерттік бағдарлама әзірленді.
 
Шымкенттегі физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің кітапханасында өткен «Тарихқа тағзым» кітап көрмесінде аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының «Ұшқан Ұясы» мен Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» шығармалары көптің назарында болды.
 
– Әр дәуір өзінің ұлы тұлғаларын дүниеге әкеледі деген халық даналығы бар. Фашизмнің тас-талқанын шығарып, бейбіт аспан үшін күрескен аталарымыз – нағыз батырлар! Біз олардың ерлігін әрқашан есте ұстауымыз керек! – дейді Ақтөбедегі NIS оқушысы Бейбарыс Жұмағалиев.


Қаралым: 189
Жарияланған: 10 Мамыр