Баспасөз-қызметі
Зияткерлік мектептердің 3 оқушысы IESO-2024 жеңімпазы атанды
8-16 тамыз аралығында Пекинде Халықаралық Жер ғылымдары олимпиадасы (IESO) өтті. Байқауға 35 елден 200-ден аса оқушы қатысты. Қазақстанның намысын 4 қатысушы қорғады, олардың үшеуі – NIS оқушылары.
Халықаралық Жер ғылымдары олимпиадасы (IESO) – орта мектеп оқушылары арасында геология, метеорология, геофизика, мұхиттарды зерттеу ғылымы және астрономия пәндері бойынша жыл сайын өткізілетін сайыс. Олимпиада 2007 жылдан бастап ұйымдастырылады. Қазақстанның жас геологтар командасы IESO-ға 2015 жылдан бері қатысып келеді. Сайыс үш бағытта өтті: жеке тестілеу, халықаралық далалы жерлерді зерттеу және Earth System Project жобасын қорғау.
Білім бәйгесінде Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS оқушылары Айтөле Нұрахан мен Бекарыс Ташмұханбет күміс медаль жеңіп алса, ал Павлодар қаласындағы Зияткерлік мектеп оқушысы Ануар Әлім бірден екі медаль иеленді. Ол жеке тестілеуде қола медальға, жер жүйесі жобасы үшін күміс медальға ие болды.
Мұндай іс-шараларға қатысу жас геологтарды болашақта маман ретінде дайындауға және тұлға ретінде қалыптасуына үлкен әсер етеді, оқушылардың таным көкжиегін кеңейтіп, елдер арасындағы достық байланыстарды нығайтады.