
Баспасөз-қызметі
XIV NIS Conference 2025
2025 жылдың 30-31 қазанда Астанада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының XIV NIS Conference 2025 халықаралық конференциясы өтеді. Биылғы конференцияның тақырыбы – «Цифрлық дәуірдегі мектеп білімі: басты трендтер мен талаптар».
Конференция педагогикалық қауымдастық үшін маңызды алаңға айналып, білім саласының өкілдерін – мұғалімдер мен мектеп әкімшілігін, зерттеушілер мен сарапшыларды бір арнаға тоғыстырады. Бұл – әлемдік деңгейдегі кәсіби тәжірибе мен білім алмасудың, білім берудің болашағын айқындаудың бірегей мүмкіндігі. АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланд, Финляндия, Австралия, Гонконгтың жетекші сарапшылары, сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік құрылымдары, мектептер, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері бір алаңда жиналып, білім саласындағы цифрлық технологиялардың ықпалы туралы маңызды мәселелерді талқылайды.
Конференцияның негізгі назарында – оқытудың жаңа әдістері, оқушылардың цифрлық сауаттылығы, PISA 2025 шеңберіндегі бағалау жүйесі, сондай-ақ білім беру процесінде жасанды интеллектіні (ЖИ) қолданудың мүмкіндіктері мен тәуекелдері болады. Бүгінгі таңда ЖИ мен цифрлық технологиялардың білім саласына ықпалы күн сайын артып келеді. Мұғалімнің рөлі қалай өзгереді? Цифрлық трансформация жағдайында білім беру жүйесі қандай бағытта дамуы тиіс? Әлемнің үздік мамандары осы және өзге де маңызды сұрақтарға жауап береді.
XIV NIS Conference 2025 – бұл білім беру саласындағы өзекті тенденциялар мен стратегиялық бағыттарды айқындайтын беделді халықаралық форум. Конференция аясында қатысушылар әлемдік деңгейдегі сарапшылардың пікірлерін тыңдап, өз кәсіби құзыреттіліктерін арттыруға, сондай-ақ ғаламдық білім беру қауымдастығының ажырамас бөлігі болуға мүмкіндік алады.
Іс-шара бағдарламасы мен қосымша ақпарат жақын арада жарияланады. Жаңалықтарды жіберіп алмаңыз!