NIS оқушылары IChO олимпиадасында топ жарды

Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен Халықаралық химия олимпиадасында (IChO) отандық құрама сапында Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары алтын мен күміс медаль еншіледі.

IChO – орта мектеп оқушылары арасындағы ең ірі халықаралық жарыс және 1968 жылдан бері түрлі елдерде жыл сайын өткізіліп келеді. Сауд Арабиясындағы 56-шы олимпиадаға әлемнің 90 елінен 333 дарынды оқушы жиналды. Білім бәйгесінде Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS-тің екі оқушысы бірден жүлделі орындарға ие болды. Кирилл Ким алтын алса, Абылай Қабдулхадыр күміс медаль иеленді.

Кирилл осы уақытқа дейін басқа да халықаралық және республикалық олимпиадаларға қатысып, топ жарып жүр. Оның қоржынында Халықаралық Менделеев олимпиадасының күмісі мен қоласы, лингвистикадан халықаралық байқаудың қола медалі және басқа да жүлделер бар.

– Білім бәйгелерінде бой көрсету өзімді және әлемді тануға, ғылыммен айналысуға мүмкіндік береді, алға қойған мақсаттарға жетуге шабыттандырады, – дейді жеңімпаз.

Абылай да түрлі білім додаларында жүлдегер атанып жүр. Ол химия пәнінен бөлек, баскетболмен айналысады және музыка жазады.