Ақтауда ауыл мектептерін дамытуға арналған өңірлік әдістемелік интенсив өтті

Бүгін Ақтауда «Отпан: Маңғыстау облысындағы тірек мектептер желісі» жобасы аясында өңірлік әдістемелік интенсив өтті. Шараға облыстағы 200-ден астам мектеп басшысы мен мұғалімі қатысып, педагогикалық тәжірибелерін жетілдіруге мүмкіндік алды.

Шараның ашылуында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрағасы Әнуар Жанғозин жоба барысында жасалған қадамдарға тоқталды.

— Біз Маңғыстау облысындағы мектептерге NIS-тің үздік тәжірибелері мен әдістемелік құралдарын ұсынып отырмыз. Бүгінде тірек мектептерде білім беру сапасын арттыруға бағытталған жаңа экожүйе қалыптасты. Ақтау қаласы мен өңірдің Түпқараған, Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Мұнайлы және басқа да аудандарындағы 4000 мұғалімге әдістемелік қолдау көрсетілді, – деп атап өтті Әнуар Жанғозин.

Сондай-ақ Басқарма Төрағасы осыған дейін Атырау облысында жүзеге асқан ұқсас жобаның оң нәтижелерін мысалға келтірді. Оның сөзінше, енгізілген өзгерістер өңірдің PISA рейтингіндегі көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартқан.

Интенсив аясында мұғалімдер пәндік шеберханаларға, сарапшы сессияларына және тақырыптық практикумдарға қатысты. Қатысушылар оқу жетістіктерін талдау, деректерді табыс стратегиясына айналдыру, функционалдық сауаттылықты дамыту, сабақ құрылымын тиімді ұйымдастыру және оқушыларға кризистік жағдайда қолдау көрсету бойынша нақты шешімдер алды.

Маңғыстау ауданының мұғалімі Гүлжанат Оразбекқызы жобаның оқыту әдістемесіне тигізген оң әсерімен бөлісті:

— Біліктілікті арттыру шаралары менің қысқа мерзімді жоспарлау тәсілімді түбегейлі өзгертті. Бұрын тек оқу мақсатына негізделген тапсырмаларды қолдансам, курстан кейін функционалдық сауаттылыққа бағытталған тапсырмаларға басымдық бере бастадым.

Ал Мұнайлы ауданынан келген жас ұстаз Мадина Текіш үшін «Отпан» кәсіби дамуға жаңа мүмкіндік ашқан.

— Еңбек жолымды енді бастаған мен үшін осындай ауқымды жобаның бір бөлшегі болу үлкен қуаныш. Мұғалімдердің кәсіби қажеттіліктеріне сай ұйымдастырылған курстар мен NIS базасындағы тағылымдамалар маған жаңа серпін берді, — деп бөлісті жас педагог.

Бұл шара өңірдегі мұғалімдердің кәсіби дамуына ықпал етіп қана қоймай, ауыл мектептеріндегі білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты қадам ретінде бағаланып отыр.