Отандық және шетелдік сарапшылар ауыл мектептерін дамыту мәселелерін талдады

Елордада Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ұйымдастыруымен «Ауыл мектебінің өркендеуі – қоғам игілігінің кепілі» атты халықаралық ғылыми-тәжірбиелік конференция басталды. Педагогикалық жиын «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Ауқымды жиынға еліміздің 80 ауылдық мектебінен 330-дан аса педагог қатысуда.

Шараның алғашқы пленарлық отырысында Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Күләш Шәмшидинова, Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев, норвегиялық суретші-карикатурашы Ойстейн Кристиансен мен литвалық психиатр Дарюс Радкявичюс өз баяндамаларын жасап, тәжірибелерімен бөлісті.

– Қазір өңірлердегі әкімдіктер тарапынан жобаға сұраныс жоғары. Барлығы «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы шеңберінде мектептерін заманауи технологиялармен, STEM кабинеттермен жарақтандырылғанын қалайды. Бірақ ауылдық мектеп үшін бұл ең бастысы емес. Ең бастысы оқытушылық құрамның біліктілігін арттыру. Біз жоба аясында мектептерге берілген ресурстарды пайдалана отырып, баланы дамыта алатын педагогикалық ұжымды жасауымыз керек. Сондықтан цифрлық трансформация – бұл ең алдымен оқудағы күтілетін нәтижелерді, оқу мақсаттарын, білім беру мазмұнын қайта қарау. Бұл – цифрлық технологияны қолдану арқылы бағалау жүйесін қайта қарау. Бұл –оқыту технологиясының әдістемесін қайта қарау, – деді өз баяндамасында мемлекет қайраткері Күләш Ноғатайқызы.

Ауыл мұғалімдерімен кездесуде Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев жобаның тиімділігі мен елдімекендердегі білім ошақтарында атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтты.

– Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры білім саласындағы табысты кейстер мен жобаларды үнемі қолдайды. Биыл біздің қор Roboland робототехника фестиваліне қолдау көрсетті, оған алғаш рет ауыл мектептерінен 35-тен астам команда қатысты. Қараша айының ортасында білім беру саласындағы инновациялық технологияларға арналған EdCrunch халықаралық конференциясына ауылдық тірек мектептердің 300-ден астам өкілі қатысады. MIT студенттері Катонқарағай ауданына келіп «Global Teacher Lab» бағдарламасы бойынша ауыл балаларына сабақ береді. Міне, осылайша біз ең таңдаулы жобаларды іріктеп, оларды республика көлемінде барлық мектеп мұғалімдері мен оқушылары үшін кеңейтеміз, – деді Данияр Тоқтарбаев.

Ал сертификатталған терапевт Дарюс Радкявичюс оқушыларды білімге шақырудың жолдарын түсіндірді. Оның айтуынша, бала өзін жақсы көрген ұстазды мәңгі есінде сақтайды. Ал баланы ұнатпайтын педагогтерге мектепке баруға болмайтынын айтты. Сосын кәсіби дамуға деген құштарлықты арттырудың жолдарын түсіндірді.

– Мысалы, сіз географияны меңгерту үшін оқулықтан бастамаңыз, оның алдында меңгерілген оқулықтан бастаңыз. Қазір осылай жасау сәнді сторителлинг. Мәселен, Норвегия 1900 жылы Еуропадағы ең кедей ел болса, қазір ең бай ел. Мұның бәрі ғалым, кәсіпкер мен инвестордың ынтымақтастығы арқасында жүзеге асты, – деді спикер.

Айта кетейік, конференцияның алғашқы күнінде секциялық отырыстар, панельдік дисскусиялар өтеді.