Қостанайдағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне – 10 жыл

Биыл Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің құрылғанына 10 жыл толды. Осы уақыт ішінде оқу орны өңірдегі орта білім беру ұйымдарының көшбасшысына айналып, озық тәжірибелерді тарату орталығы ретінде танылды.

Мектепте мерейтой аясында оқушылардың шығармашылық жұмыстары, ғылыми және IT-жобалар көрмесі ұйымдастырылып, мерекелік кеш өтті.

Бүгінгі таңда Қостанайдағы NIS-те 702 оқушы білім алуда, ал 10 жыл ішінде мектепті 701 түлек тәмамдады.

Шәкірттер жыл сайын республикалық және халықаралық деңгейдегі беделді олимпиадаларда жеңімпаздар мен жүлдегерлер атанып келеді. Олардың қатарында Республикалық ғылыми жобалар конкурсы, Infomatrix Asia, S.T.A.P., Балтық инженерлік конкурсы, «Ғылым әлемін ашамыз», сондай-ақ Roboland сияқты жарыстар бар.

Қостанайдағы NIS оқушылары Әмина Ысқақова мен София Синицина қазақ тілінде сөйлейтін виртуалды дауыс көмекшісін жасақтады. EWA деп аталатын бұл жоба өзінің ерекше функционалдығымен және қазақ тілін қолдауымен көпшіліктің назарын аударды. Күткеннен асып түскен бұл инновациялық шешім күрделі тапсырмаларды орындау және екі тілде еркін жұмыс істеу қабілеті арқылы жоғары бағаланды.

Мектеп тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі – 2015 жылы пилоттық мектептер туралы меморандумға қол қойылуы. Бұл құжат өңірдегі білім беру ұйымдарымен жүйелі ынтымақтастықтың бастау алғанын көрсетті. Соңғы 10 жыл ішінде Қостанайдағы NIS 12 тірек мектепке әдістемелік қолдау көрсетіп, сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге ықпал етіп келеді.

2018 жылы мектепте «Зерттеудегі бір қадам – дамудағы жүз қадам» атты алғашқы ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл шара мектепте ғана емес, өңірде де ғылыми ортаны қалыптастыру бағытындағы маңызды кезең болды.

2019 жылы Қостанайдағы Зияткерлік мектеп Council of International Schools (CIS) аккредитациясынан сәтті өтіп, білім беру сапасының халықаралық стандарттарға сай екенін дәлелдеді. Биыл мектеп бұл талаптарға сәйкестігін тағы да растап, өз беделін одан әрі нығайтты.

2020 жылы мектеп ЮНЕСКО клубтарының қатарына қосылып, халықаралық мойындауға тағы бір қадам жасады. Бұл маңызды оқиға Қостанайдағы NIS оқушыларының жан-жақты дамуына және мәдени, ғылыми, білім беру салаларындағы ынтымақтастықты арттыруға деген ұмтылысын көрсетті.

2022 жылы мектепте NIS Engineering бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама оқушыларға 3D басып шығару, лазерлік кесу және ағаш өңдеу сияқты заманауи технологияларды инновациялық жабдықтар арқылы меңгеруге мүмкіндік берді. Бағдарлама аясында оқушылар өздерінің шығармашылық және техникалық қабілеттерін көрсете отырып, инженерия саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізді.

2023 жыл мектеп тарихындағы тағы бір жарқын кезең болды. Мұғалім-зерттеуші, Яндекс Академиясы мен CISCO жаттықтырушысы, оқу құралдарының авторы және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» Борис Зеленовқа ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Жылдың үздік мұғалімі» атағын табыстады. Сондай-ақ биыл информатика пәнінің мұғалім-сарапшысы Александр Шерцер «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының финалисті атанып, алдағы жылы Қазақстанның атынан Global Teacher Prize халықаралық байқауында ел намысын қорғайды.