Баспасөз-қызметі
NIS пен «OzgerTeam» отандық педагогтерге жаңа пікірсайыс технологияларын үйретуде
Астанадағы физика-математика бағытындағы NIS базасында «Халықаралық мектеп пікірсайыс форматы (WSDF) контекстінде пікірсайыс клубтарын ұйымдастырудың жаңа әдістері» атты республикалық семинар өтті. Шараны «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ мен «OzgerTeam» қоры бірлесіп ұйымдастырды.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 40-тан астам мұғалім әлемдік және еуропалық пікірсайыс чемпионаттарында қолданылатын жаңа формат – Халықаралық мектеп пікірсайыс форматы туралы ақпарат алды. Семинар барысында шешендік өнерді дамыту, пікірсайыс тарихы және танымал әлемдік пікірталастарға қатысты негізгі тақырыптарды жан-жақты талқылады.
Қатысушылар тақырыптық талдау, кейстерді әзірлеу және дебатқа қатысу секілді пікірсайыстың негізгі ережелерімен танысты. Сондай-ақ практикалық жаттығуларға ерекше назар аударылып, шағын турнирлер мен түрлі практикумдар өтті. Бұл іс-шаралар қатысушыларға білімдерін тереңдетіп қана қоймай, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамытуға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Айта кету керек, қыркүйек айында оқыту семинарлары өңірлерде де жалғасып, іріктеу турнирлері өтеді. Нәтижесінде ең үздік командалар Астана қаласында өтетін «JASREPUBLIC CUP» ұлттық кезеңінде бақ сынайды.
Курс аяқталғаннан кейін қатысушыларға ұлттық жаттықтырушы атағын беру туралы сертификат табысталады. Жаттықтырушылар өз өңірлерінде оқыту жұмыстарын жүргізіп, дебат ойындарының одан әрі жандануына үлес қоса алады.