NIS Қазақстандағы мектептерді аккредиттеу үшін сарапшылардың алғашқы легін дайындады

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ білім беру ұйымдарының тәуелсіз аккредитаторы мәртебесіне ие. Осыған сәйкес, ұйымға қарасты Педагогикалық өлшеулер орталығының 16 қызметкері арнайы оқытудан өтіп, тәуелсіз сарапшы ретінде жұмыс істеуге дайын екендігін растайтын сертификаттарға ие болды.

Былтыр NIS аккредиттеу органы мәртебесін алған болатын. Осылайша орта, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі оқу-ағарту саласында мойындалған аккредиттеу органдарының тізіліміне енгізілді. Осы қызмет аясында NIS Халықаралық мектептер кеңесімен бірлесіп үздік әлемдік тәжірибе негізінде ұлттық аккредиттеу стандарттарын әзірледі.

Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозиннің айтуынша, аккредиттеу процесінде білім беру ұйымдарының қызметін объективті, ашық және сапалы бағалауды қамтамасыз ететін сарапшылар маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты NIS Педагогикалық өлшеулер орталығы аккредиттеу рәсімдерін тиімді жүргізуге қабілетті мамандарды оқытудың кешенді бағдарламасын әзірледі.

Сертификаттарды тапсырған Әнуар Жанғозин алғашқы эксперттерді құттықтап, олардың еліміздегі аккредиттеу жүйесін дамытудағы жұмысының маңыздылығын атап өтті.

– Сарапшылар аккредиттеудің негізгі кезеңдерін зерттеп, халықаралық стандарттармен танысып, оқу орындарын тиімді бағалауға қажетті практикалық дағдыларды меңгерді. Аккредиттеу органы мәртебесі NIS-ке елдің білім беру стандарттарын үздіксіз жетілдіру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Аккредиттеу мектептердің деңгейін объективті бағалауға ғана емес, оларды одан әрі дамыту үшін сараптамалық ұсыныстар беруге мүмкіндік береді, – деді ол.