Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі жаңа тағайындаулар

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма шешімімен Аян Алтынбеков – Көкшетаудағы Зияткерлік мектептің, Шырын Жұмабекова – Қарағандыдағы Зияткерлік мектептің, Лаура Байтокаева – Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектептің, Жанар Умбетаева – Павлодардағы Зияткерлік мектептің, Гүлнұр Мақсұтова – Тараздағы Зияткерлік мектептің, Мәслихат Зәмірбекқызы – Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектептің директорлары лауазымдарына тағайындалды.

Жаңа мектеп басшылары NIS экожүйесінде он жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Әр жылдары Зияткерлік мектептерде мұғалім, директордың орынбасары болып жұмыс істеп, өңірлердегі NIS-тің қалыптасуы мен өркендеуіне, халықаралық аккредиттеуден сәтті өтуге зор үлес қосты.

Шырын Жұмабекова Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде ағылшын және француз тілдері мұғалімі мамандығын игерді. 2011-2012 жылдары Ұлыбританияда «Болашақ» бағдарламасы бойынша «Білім беру саласын басқару» магистрі дәрежесін алды. Назарбаев Зияткерлік мектептерінде 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Бұған дейін Қарағандыдағы NIS директорының орынбасары, ал 2023 жылдан бастап Көкшетау қаласындағы Зияткерлік мектептің директоры қызметін атқарды.

Аян Алтынбеков Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде педагогикалық ғылымдар магистрі дәрежесін алды. Педагогикалық мансабын Көкшетау қаласындағы қазақ-түрік лицейінде тәрбиеші ретінде бастады. NIS жүйесінде 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді, Көкшетаудағы NIS пен Астанадағы физика-математика бағытындағы NIS-те физика пәнінің мұғалімі, кейін директордың орынбасары болып жұмыс істеді.

Лаура Байтокова еңбек жолын дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектебінде ағылшын тілі пәні мұғалімі ретінде бастады. 2013 жылдан NIS-те жұмыс істейді. Қызылорда және Ақтаудағы Зияткерлік мектептерде ағылшын пәнінен сабақ берді, кейін Түркістандағы Зияткерлік мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.

Маслихат Зәмірбекқызы елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте экономика пәнінің мұғалімі, Қостанайдағы NIS-те директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, NIS Педагогикалық өлшеулер орталығының мониторинг және сыртқы жиынтық бағалау бөлімінің менеджері, сондай-ақ Түркістандағы NIS-те директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды.

Жанар Умбетаева – білім беру саласында 24 жылдық тәжірибесі бар маман. NIS жүйесінде 2010 жылдан бастап жұмыс істейді. Өскемен қаласындағы Зияткерлік мектепте ағылшын тілі пәні мұғалімі, тіл үйлестірушісі, директордың бейінді-эксперименталды жұмыстар жөніндегі орынбасары және директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.

Гүлнұр Мақсұтова 2013 жылы Қызылорда қаласындағы NIS-ке химия пәнінің мұғалімі болып қабылданды, кейін директордың ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Гүлнұр Мақсұтқызы «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша Кембридж университетінің білім факультетінде «Педагогика, оқу жоспары, мұғалімдердің білімі және көшбасшылық мәселелері» тақырыбында тағылымдамадан өтті.