Жатахана

Жатақханалардың жұмысын ұйымдастыру


 Жатақханалар - Зияткерлік мектептердің құрылымдық бөлімшелері. Жатақхана Зияткерлік мектептердің төмендегі 7-12 сынып оқушыларының уақытша тұруын, оларды күтіп - бағуды және тәрбиелеуді қамтамасыз етеді: 

1) "Өркен" білім беру гранты иегерлері; 

2) ақылы негізде оқитындар. 

Желі бойынша жобалық қуаты 2750 орынға арналған 19 жатақхана жұмыс істейді және мынадай міндеттерді жүзеге асырады: 

1) оқушылардың жатақханада жайлы және қауіпсіз өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етеді; 

2) білім алуға, оқушылардың зияткерлік, шығармашылық, рухани және дене шынықтыру қабілеттерін дамытуға, адамгершілік негіздері мен салауатты өмір салты дағдысын қалыптастыруға жағдай жасайды; 

3) оқушының толыққанды дамуын қамтамасыз ету үшін ата-аналармен тиімді өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты ұйымдастырады. 

Мектеп жатақханасы Зияткерлік мектепте оқу кезеңінде жатақханаға мұқтаж "Өркен" білім беру гранты иегерлерінің тұруы мен тәрбиеленуін қамтамасыз етеді. 

Жатақханадағы бөлмелер барлық заманауи талаптарға және санитарлық-гигиеналық нормаларға сәйкес. Әр бөлмеде жуынатын бөлме, душ бар. Сондай-ақ, әр қабатта жайлы тұрмыстық бөлмелер, теледидарлар, оқуға арналған интернетке қол жетімді ноутбуктер бар. 

Оқушылар өздерін өз үйіндегідей сезінулері үшін барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, кір жуатын бөлме, шығармашылық шеберхана бар. Тәрбиеленушілер денсаулық сақтау бойынша кешенді шаралармен, сапалы медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырумен қамтамасыз етілген. Жатақханада жеке медициналық блоктар бар, олар: қабылдау кабинеті, емшара кабинеті және изолятор. Жатақханада тұратын оқушылар тәулік бойы медициналық қызметкерлердің бақылауында болады. 

Жатақхананың қызметі күн тәртібін қатаң сақтауды ескере отырып жүзеге асырылады, өйткені күннің ұтымды режимі оқушылардың жоғары деңгейдегі жұмысқа қабілеттілігі мен тіршілігін қамсыздандырады. Жатақханада тұратын балалар үшін асханада күніне бес рет тамақтану ұйымдастырылған. 

Жатақханада жұмысқа қабылдау ережелеріне сәйкес конкурстық іріктеуден өткен Жоғары педагогикалық білімі бар тәрбиешілер жұмыс істейді. Сабақтан кейін олар оқушыларды жатақханаға қабылдайды, тамақтану, демалыс, таза ауада серуендеуді ұйымдастырады, оқушыларды қосымша сабақтарға, үйірме жұмыстарына, тәрбие жобаларына тартады, театрларға, мұражайларға, көрмелерге күн тәртібін қатаң сақтауды ескере отырып, бекітілген жылдық жоспарға сәйкес барады. 

Зияткерлік мектептердің жатақханалары - бұл өмір сүру, оқу, қарым-қатынас жасау және өзін-өзі жетілдіру үшін тамаша орын. Денсаулықты нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау, корпоративтік мәдениетті және патриоттық тәрбиені дамыту мақсатында демалыс күндері барлық тәрбиеленушілер спорттық спартакиадалар мен жарыстарға белсенді қатысады. Жатақханадағы өмір қызықты және көп қырлы, оқу дағдыларын дамыту үшін барлық жағдай жасалған, оқуға арналған бұрыштар безендірілген. Сондай-ақ, оқушылар аспаздық шеберлік бойынша да жарысады, бәліштер пісіреді және жалпы шай ішуге арналған үстел жасайды. Мұндай іс-шаралар оқушыларды біріктіреді, достық қарым-қатынас қалыптастырады. Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, еңбек дағдыларын дамыту мақсатында жатақханада қызығушылықтары бойынша үйірмелер табысты жұмыс істейді. Оқушылардың үздік жұмыстарын көрмелер мен жатақхана дәліздерінен көруге болады. 

Жатақхана сонымен қатар өзін-өзі қадағалауға, тәртіп пен тазалықты сақтауды үйренуге жақсы мүмкіндік береді. Ең бастысы бұл орын  өмір бойы жалғасатын достық қарым-қатынасқа себепкер. 

Ата-аналармен ынтымақтастықтың басымдықтары білім берудің жалпы тәсілдерін қалыптастыруға, ата-аналарды тәрбие процесіне қатысуға тартуға бағытталған, бұл жатақхана қабырғаларында және одан тыс жерлерде оқушылардың психологиялық және эмоционалды жайлылығын қалыптастыруға ықпал етеді. Оқушылардың толыққанды дамуын және ата-аналармен тиімді қарым-қатынасты қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын Ашық есік күндері өткізіледі. Ата-аналар барлық іс-шараларға, шығармашылық, спорттық іс-шараларға белсенді қатысады, семинарлар мен үйірмелерді өздері өткізеді. 

Тәрбиелік жобаларды іске асыру шеңберінде жатақханаларда өңірдің кәсіби қызметінде елеулі жетістіктері бар, еңбексүйгіштік, білім мен патриотизмге ұмтылу құндылықтарының жарқын көрінісі болып табылатын танымал тұлғалардың қатысуымен іс-шаралар өткізіледі. 

Мектептердің әдістемелік бірлестіктерінің пән мұғалімдерінің қатысуымен бірлескен іс-шаралар жатақхана тәрбиеленушілері үшін өте қызықты және пайдалы. 

Тұрғын үй және мәдени-тұрмыстық жағдайлардың сақталуы мен жақсаруына бақылау жасау, оқушыларды жатақхананы басқаруға, тәрбие, мәдени-бұқаралық және дене шынықтыру-сауықтыру жұмыстарына қатысуға тарту жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру үшін жатақханада тұратын оқушылар қатарынан жатақхана кеңесі құрылады. Жатақхана кеңесі қоғамдық өзін-өзі басқару органы болып табылады және оқушылардың жалпы жиналысында сайланады. Кеңестің мәртебесі мен өкілеттігі Зияткерлік мектеп директоры бекітетін жатақхана кеңесі туралы ережеде айқындалады. 

Жатақхана кеңесінің қызметі оқушылардың шығармашылық қабілеттерін ашуға оңтайлы жағдай жасайды. Тұлғаның жан-жақты дамуы мен өзін-өзі жүзеге асыруын қамтамасыз етеді, ұйымдастырушылық және басқарушылық дағдыларды игеруге ықпал етеді. 



Қаралым: 175
Жарияланған: 24 Тамыз