Баспасөз-қызметі
«Бірегейлік. Жасампаздық. Өркендеу». Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебіне – 15 жыл!
Биыл NIS жүйесіндегі тағы бір білім ұясы – Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебіне 15 жыл толды.
Мерейтой аясында мектепте мерекелік кешпен қатар жәрмеңкелер, көшпенділер ойындары, шығармашылық және спорттық сайыстар, танымдық кездесулер, әдеби кештер мен көрмелер өткізілді.
– 15 жыл бойы еліміздің жарқын болашағы үшін жауапты, саналы да парасатты ұрпақты тәрбиелеу миссиясын абыроймен атқарып келеміз. Бұл – ең алдымен, бірегей мектебіміздің және шығармашыл, жанашыр ұстаздарымыздың ерен еңбегінің нәтижесі деп білемін. Алдағы күндеріміз де табысты әрі жемісті болсын, – деп мектеп директоры Наркен Буркенов жылы лебізін білдірді.
Бүгінде Семейдегі NIS-те 796 шәкірт білім алады. Осы аралықта 200-ден астам оқушы халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері атанса, 150-ге жуық зияткер ғылыми жарыстарда үздік шыққан.
Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебі 2017 және 2023 жылдары Council of International Schools аккредитациясынан сәтті өтіп, өз қызметін әлемдік стандарттарға сай екенін дәлелдеді. CIS қауымдастығы мектептің басқару жүйесі, педагогикалық тәжірибесі және жалпы білім беру сапасының жоғары деңгейін екі мәрте растады.
15 жыл ішінде Семейдегі NIS-ті 1169 түлек аяқтады. Олардың 35%-ы Назарбаев Университетіне, 55%-ы Қазақстанның өзге де жетекші жоғары оқу орындарына, ал 10%-ы АҚШ, Канада, Италия, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея және басқа да елдердің университеттеріне оқуға түсті. Бүгінде түлектер ғылым, медицина, экономика, білім беру және IT сияқты маңызды салаларда жетекші маман ретінде танылып, еліміздің дамуына өз үлесін қосып жүр.
Зияткерлік мектептердің негізгі бағыттарының бірі – тәжірибе тарату. Семейдегі NIS бұл миссияны сәтті жүзеге асырып келеді. 2017 жылы оқу ордасы өз тәжірибесін 7 жетекші мектепке таратса, бүгінде бұл көрсеткіш айтарлықтай өсті. 2022 жылы «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» республикалық жобасы аясында Аягөз қаласындағы көппрофильді гимназия тірек мектебі ретінде бекітілді. Ал 2023–2024 жылдары бұл жоба Ақсуат, Жарма, Абай, Бесқарағай, Бородулиха және Көкпекті аудандарының мектептерімен толықты. NIS педагогтері әдістемелік көмек көрсету мақсатында мектеп базасында және ауыл мектептерінде облыстық деңгейдегі семинарлар мен тренингтер, конференциялар мен форумдар, шеберлік сағаттарын тұрақты түрде ұйымдастырады.
Семейдегі NIS серіктес мектептермен ынтымақтастық орнату арқылы халықаралық деңгейге де көтерілді. 2017 жылы Үндістанның Мумбай қаласындағы JBSN Халықаралық бакалавриат (IB) мектебімен, 2019 жылы Гавайидың Гонолулу қаласындағы Пунаху мектебімен достық қарым-қатынас орнатты. Сондай-ақ ZfA халықаралық неміс ұйымы, Гете институты, Ресейдегі «Мәскеу экономикалық мектебі» гимназиясы, Семей қаласындағы Шәкәрім университеті, Alihan Bokeikhan University, Семей медициналық университеті және М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж секілді беделді білім беру мекемелерімен меморандумдар жасалды.
Сонымен бірге 2017 жылы Семейдегі NIS ЮНЕСКО қауымдастырылған мектептері мүшелігіне үміткер атанып, 2021 жылы толыққанды мүше ретінде қабылданды.