Баспасөз-қызметі
Астанада мектептердің топ-менеджерлеріне арналған басқару интенсиві өтті
Елордада NIS Педагогикалық шеберлік орталығында мектеп басшыларының кадрлық резервін дайындау мақсатындағы «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» бағдарламасының түлектеріне арналған басқару интенсиві сәтті аяқталды.
Шараның ашылу салтанатында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин мектеп басшылары резервін дайындау бойынша ауқымды бағдарламаның бірегейлігін атап өтті. «Аманат» партиясының хатшысы Шолпан Каринова болашақты жасайтын NEXT-директорлар алдында тұрған міндеттерді сараласа, Назарбаев Университетінің қауымдастырылған профессоры Дуйшон Шаматов мінсіз басшылықтың негіздеріне қатысты ой-пікірін бөлісті.
Интенсивте «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасының 2023 жылғы түлектері арасынан мектеп директорлары өздерінің мектепті басқару тәжірибелері туралы айтып берсе, жобаның қазіргі қатысушылары кәсіби қызметіндегі жаңа кезеңге дайын екендерін білдірді.
– Жоба аясында алған білімімді тәжірибе жүзінде қолдану жолында еңбек етудемін. Оқу барысында үйренген жоспарлау, үйлестіру және бақылау сияқты басқару циклдерін қолдана бастадым. Бұл өз кезегінде жұмысты жүйелеуге мүмкіндік берді. Осы аз уақыттың ішінде түсінгенім – бұл курс бізге көптеген дағдыларды игертіп, терең біліммен қаруландырды. Бүгін өз тәжірибемдегі кейстерді бөлісуге мүмкіндік алғаныма қуаныштымын, – дейді Астана қаласындағы №62 мектеп-лицей директоры Қайрат Мұқашев.
Отандық білім берудің топ-менеджерлерінің кәсіби дамуы мен көшбасшылығына арналған интенсивте «Табыс қалай келеді: мектепті басқару тәжірибесінен» кейс-сессиясы, «Мектеп директоры жұмысының негізгі көрсеткіштерін қалай анықтауға және өлшеуге болады» эксперттік сессиясы, «Тиімді нұсқаулық: кеңестер мен лайфхактар» шеберлік сабақтары, «Директордың қарым-қатынас стратегиялары: ұжым мен ата-анаға әсері» практикумы, «Көшбасшы ережелері: қателерді талдаудан сәтті шешімдерге дейін» командалық сессиясылар ұйымдастырылды.
– Айқын бағдар, адал ниет, біртұтас ұжым мен алға ұмтылу – жетістікке жетудің кепілі. Тек осылар ғана мектепті шабыт пен дамудың қайнар көзіне айналдырары ақиқат, – деп атап өтті эксперттік сессияда сөз алған Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек Айтпукешев.
Интенсивтің екінші күні «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» бағдарламасының 2024 жылғы түлектеріне сертификаттар табыс етілді. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп басшыларының кадр резервіне енген 376 үздік қатысушыны құттықтады.
Жоба түлектері конкурстық рәсімдерден өтпей-ақ бірінші басшының бос орнына тағайындалады. Оқыту курстан кейінгі сүйемелдеумен жалғасады, NIS Педагогикалық шеберлік орталығы болашақ басшылардың кәсіби дамуының жүйелі мониторингіне дайын.