Новости

Ойларым – елім, тілім, ар–намысым...


«Ұлы дала ақындары» зерттеу-шығармашылық жобасы аясында Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Фариза – поэзия падишасы» атты мәнерлеп оқу байқауы өтті. Оқушылардың поэзияға деген сүйіспеншілігін арттыру, әдеби мол мұраны насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқау Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдық мерейтойына арналды.

Махаббат, табиғат, азаматтық лирика тақырыбында қалам тартқан  ақынның жыр-шумағын жатқа оқудан өткен мүшәйраға  Зияткерлік мектептің жоғары сынып оқушылары қатысты. Байқаудың құрметті қонағы ретінде «Шабыт» фестивалінің лауреаты, 2019 жылы өткен «Жыр – менің жалғыз тарланым» атты Фариза Оңғарсыноваға арналған республикалық жыр мүшәйрасының бас жүлдесін жеңіп алған ақын, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Мирас Асан шақырылды. Байқауға қатысушыларға сәттілік тілеген жас ақын Фариза Оңғарсынованың жарқын бейнесіне, бірегей болмысына арнаған өзінің арнау өлеңін оқып берді.

Фариза апаларының жыр-шумақтарын  беріле оқыған қатысушылар әрбір өлең жолының мазмұндық құрылымын терең сезініп, тыңдаушыларға шебер  жеткізе білді. Байқаудың әділ қазылар алқасы құрамында болған директордың орынбасары Рамазан Оспанға, ақын Мирас Асанға, актер Ыбырай Мұхтарұлына  өлеңді мәнерлеп оқып, әсерлі етіп жеткізе білген оқушылардың қатарынан үздіктерді таңдау қиынға соқты.  

«Мен онымен қай кезде көрісемін?» өлеңін оқыған оқушы Мадина Исмұрат ІІІ орын, «Мұқағалиға арнау» өлеңімен Дархан Әбдіхан ІІ орын, «Жақсылық туралы жыр» өлеңімен  Ару Сейдалиева І орын, «Жұрт мені қатал дейді» өлеңін нақышына келтіре оқыған Шұғыла Серғали бас жүлдеге ие болды. Кеш қонағы Мирас Асан байқау жеңімпазға өзінің қолтаңбасымен «Сүйесің, жүрек, сүйесің» кітабын сыйға тартып, кездесуді әңгіме-сұхбатпен жалғастырды. Ақын жастарды ұлтжанды болуға шақырып, сұлулыққа деген ынтаның, поэзияға деген құштарлықтың ізденімпаздық қасиеттерді  дамытуға ықпал ететін айтып өтті.

 

 

 

 



Просмотров: 189
Опубликован: 11 Октября