Новостной блок

Білімді ұрпақ – ел ертеңі


Жаңа оқу жылында оң өзгерістер көпДүйсенбі күні өткен облыс əкімдігінің аппарат жиынында 2015-2016 оқу жылының алдын-ала қорытындылары қаралды. Басқосуда баяндама жасаған облыс əкімдігі білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың 1-ші кезеңі жүйелі аяқталғанын хабардар етті.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, қазіргі таңға дейін бағдарламада көзделген 5 мақсатты индикатор мен 19 көрсеткішке қол жетіпті. Ал білім саласына бөлінген 75,5 млрд. теңге толықтай игерілген. Былтыр 9 мектеп, 4 балабақша, 100 орындық 1 жатақхана салынып бітсе, биыл 6 мектеп пен 5 балабақшаның құрылысы аяқталады деп күтілуде екен. Сондай-ақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өткен жылы Ұлттық қор есебінен 5 білім нысанының құрылысы басталса, үстіміздегі жылы тағы 2 мектептің құрылысы жанданбақ. Бұдан бөлек, биыл 2 апатты, 2 үш ауысымды, 2 оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мəселесі оң шешімін табады деп көзделуде. Сонымен қатар, жаңа модификациялы кабинеттермен жабдықтау, білім мекемелерін күрделі жəне ағымдағы жөндеуден өткізу сынды жұмыстар да өз жалғасын табады.

Ал мектепке дейінгі тəрбие беру мəселесіне келсек, былтыр 1190 жаңа орын ашу жоспарланса, жоспар 2 есе артық орындалған. Атап айтсақ, 2380 бала мектепке дейінгі тəрбиемен қамтылып, 14 балабақша, 7 шағын орталық ашылған. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік əріптестік негізінде 1000 орындық 10 мектепке дейінгі білім мекемесі ашылып, 3593 бала жекеменшік балабақшаларға орналастырылған. Десе де, демографиялық өсімге байланысты балабақша кезегінде тұрған балалар саны əлі де азаймай тұр. Мəселен Меркі, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында мектепке дейінгі тəрбиемен қамтылғандардың үлес салмағы төмен көрсеткіш көрсетуде. Осыған орай, биыл мемлекеттік-жекеменшік əріптестік негізінде 1105 орындық 11 балабақша ашу мен жаңа құрылыс есебінен 1120 орындық 5 балабақша салу жоспарлануда.

Сапалы білім беру қызметіне қол жеткізу де басты назарда. Ұлт жоспарының 76 қадамына сəйкес, жаңартылған білім мазмұнын жүзеге асыру үшін осы оқу жылының басынан бастап 2 мектепте бастауыш білім берудің жалпыға міндетті стандарты мен оқу бағдарламалары сынақтан өткізілсе, 3 мектепте үш тілді оқыту жүйесі, 7 мектепте Назарбаев зияткерлік мектептерінің озық іс-тəжірибесі енгізілген. Ал, 79-шы қадамға сəйкес жоғары сыныптарда ағылшын тілінде сабақ өту кезең-кезеңімен жүзеге асып, «Үш тілде білім беруді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған жол картасы» бағдарлы бағытын тапқан.
Сондай-ақ, мектеп пен колледж оқушылары арасында үш тілділікті дамыту мақсатында байқаулар, дебаттар, шығармашыл жастар арасында жарыстар ұйымдастырылып, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқыту бойынша облыс педагогтарының желілік кəсіби қауымдастығы құрылған. Жəне 2016-2017 оқу жылында жаңартылған білім мазмұнына көшу үшін 3921 мұғалім біліктілік арттыру курстарына жолданған.

Келер оқу жылының тағы бір жаңалығы – қыркүйек айынан бастап еліміздің жалпы білім беретін мектептерінің 1-сыныптары 5 күндік оқу аптасына көшеді. Осылайша 1-сынып оқушылары 1 қыркүйектен бастап 1 маусымға дейін оқитын болады. Ал 2018 жылдан бастап бұл жаңа оқу үлгісіне барлық сыныптар көшпек.

Мектеп оқушыларын оқулықтармен қамту мəселесіне де биыл жіті көңіл бөлінуде. Бұл мақсатта ағымдағы жылы 973 млн. 833 мың теңге бөлініп, 1-ші сынып оқушыларын толықтай кітаппен қамту көзделуде.

Мектеп қабырғасындағы діни экстремизм мəселесіне келсек, бұл бағытта ақсап тұрған тұсымыз бар. Мəселен, білім мекемелеріне жүргізілген тексеріс барысында Байзақ, Қордай, Меркі, Сарысу, Талас, Шу аудандары мен Тараз қаласында 7 ұлт өкілдерінен тұратын 210 оқушы əртүрлі деструктивті діни ағымдарға тартылғаны анықталған. Сондықтан, білім басқармасы биыл діни сауаттылықты қалыптастыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлмек. Сондай-ақ, өткен жылы мектеп оқушылары арасында 12 суицид фактісі орын алса, биыл 3 айдың ішінде осындай 3 қайғылы оқиға тіркелген. Сол себепті, ағымдағы жылы бұл мəселе де жауапты мамандардың жіті назарында болмақ. Жаңа оқу жылындағы оң өзгерістің тағы бірі – өңірге қажетті мамандарды дайындау болып тұр.
Бұл бағытта биыл химия саласына қажетті 10 жаңа мамандықты ашу көзделсе, Жамбыл политехникалық колледжі химиялық технология жəне өндіріс, үйлер мен ғимараттардың құрылысы сынды мамандарды жаңа оқу жылынан бастап оқытпақ.

Биыл түлектердің ҰБТ-дан өту мəселесіне тоқталсақ, бұл бағытта да бірқатар жұмыстар жасалған. Нақтырақ айтсақ, білімгерлердің білімін тəуелсіз бағалау үшін республикалық «USTADI» онлайн тестілеу орталығы мен «EDTECH-KZ» Халықаралық білім орталығының тəжірибесі қолданылған. Нəтижесінде, оқушылардың дені биология, физика, география, ағылшын тілін таңдағандары анықталып, қазір осы бағытта тереңдетіп оқыту жүйесі енгізіліп отыр.
Міне, осындай жаңа өзгерістер мен атқарылған жұмыстарды баян еткен басқарма басшысы, оқу жылы соңына дейін бұл жұмыстарды пысықтап, бақылау күшейтілетіндігін айтты. Хабарламашының баяндамасы тыңдалғаннан кейін облыс əкімі Кəрім Көкірекбаев мектеп оқушыларын оқулықпен қамту, білім нысандарындағы өрт қауіпсіздігін қадағалау, жоғары оқу орындарын тəмамдаған жастарды жұмыспен қамту сынды мəселерге қатысты бірқатар сала мамандарынан жауап алып, оларға тиісті тапсырмаларын берді.

Ембердиева Гүлнұр Бақытқызы — Директор-Бас редактор

Төленді Дəулет – Директор- Бас редактордың орынбасары

Бөгенбаева Шолпан Нұғманқызы – Жауапты хатшы

Есаман Хамит Ерболатұлы – «Мəдениет жəне өнер» бөлімінің меңгерушісі

Сұлтанбеков Тұрсынбек Темірланұлы- «Экономика жəне ауыл шаруашылық» бөлімінің меңгерушісі

Сатылғанов Саятхан Жапарұлы — Тілші

Əлімхан Мұратхан Əжмаханұлы – Тілші

Қарасаева Қамар Рахметуллақызы — Тілші

Нұрханов Талғат Берікбайұлы — Тілші

Қартабай Алтынбек Болатұлы – Фото тілші

 



Просмотров: 1361
Опубликован: 16 Июня