Оқушылардың жетістіктері

Оқушылар жеңіспен оралды


Алматы қаласы физика-математ ика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары республикалық жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен олимпиададан ортамызға жеңіспен оралды. Олимпиада қорытындысы бойынша 10 сынып оқушысы Шелемба Кристина ағылшын тілі пәнінен алтын медальмен (1 орын), физика пәнінен 9 сынып оқушысы Қажымұрат Ақназар күміс медальмен (2 орын), ал биология пәнінен 9 сынып оқушысы Чалышкан Селимжан 3 дәрежелі дипломмен (қола медаль) марапатталды.

«Олимпиадаға қатыссам, халықаралық олимпиадаға дайындайтын іріктелген құрама командаға өту мүмкіндігіне ие болуым мүмкін. Мен осындай жарыстарға әлі де қатысуды жоспарлап отырмын, себебі бұл – үлкен тәжірибе», – дейді  Ақназар. 


Оқушы тек қалалық, республикалық емес, халықаралық математика және физика пән олимпиадаларының жүлдегері екенін атап өту керек. Ақназардың қоржынында марапат аз емес: Қытайда өткен Халықаралық математика олимпиадасында 2 орын, Халықаралық математикалық қалалар турнирінің көктемдік турының дипломы, Халықаралық Пифагор математика олимпиадасында 1 орын. Ал,  тағы бір олимпиада жеңімпазымыз Шелемба Кристинаның айтуынша, олимпиадада жоғары нәтижеге қол жеткізу ағылшын тілін оқудағы үлкен еңбектің арқасында екенін айтты. Кристина мектебіміздің атын республикалық деңгейдегі оқушылар арасында өткізілетін дебаттарда қорғап жүр. Сондай-ақ, ол – Британия Кеңесінің  ұйымдастырған инновациялық жоба сайысының жеңімпазы.

Еске сала кетсек, республикалық олимпиада жаратылыстану-математика  бағыты бойынша 2016 жылғы 14-19 наурыз аралығында Көкшетау қаласында, ал қоғамдық-гуманитарлық бағыты бойынша 2016 жылғы 25-28 наурыз аралығында Петропавл қаласында өткізілді. Daryn.kz  сайтының хабарлауынша, олимпиаданың қорытынды кезеңіне еліміздің барлық аймақтарынан жаратылыстану-математика  бағыты бойынша 735 мектеп оқушысы қатысты. Олимпиада коырытындысында  І дәрежелі дипломдармен – 63 оқушы, ІІ дәрежелі димпломдармен – 99 оқушы, ІІІ дәрежелі дипломдармен – 163 оқушы марапатталды. Қоғамдық-гуманитарлық бағыты бойынша қорытынды кезеңіне еліміздің барлық аймақтарынан 577 мектеп оқушысы қатысты. Олимпиада коырытындысында қазылар алқасының шешімімен  І дәрежелі дипломдармен – 40 оқушы, ІІ дәрежелі димпломдармен – 73 оқушы, ІІІ дәрежелі дипломдармен – 125 оқушы марапатталды.


Қаралым: 1727
Жарияланған: 06 Сәуір