Семей қ. физика-математика бағытындағы мектебі

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі


Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2009 жылдың 13 қыркүйегінде ашылған. Білім ошағы Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстандағы 20 мектептің бірі.

Қазіргі таңда мектептің 7-12 сыныптарында 700-ге жуық бала білім алып, 190-ға жуық педагогикалық және соларға теңестірілген қызметкерлер еңбек етеді. Мектеп жанында 120 балаға арналған жатақхана бар.

Мектеп 2016-2017 оқу жылында білім саласында жоғары стандарттар мен соңғы жаңалықтарға қол жеткізгендер ұйымы саналатын халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) халықаралық аккредитациясынан өтті. CIS ұйымына мүше болу мектептің дамуы мен үнемі өзін-өзі жаңғыртып отыруға перспективалық жол ашады.  Бұл өз кезегінде мектептің жоғары сапалы білімге ұмтылатындығын дәлелдейді.

Мектепте оқушылар, мұғалімдер, қызметкерлер мен ата-аналардың бірлесе жұмыс жасауының нәтижесінде басшылық нұсқаулар әзірленген.  Зияткерлік мектептің миссиясы – оқушылардың көшбасшылық сапасын дамыту, оларға сапалы білім беру мен үш тұғырлы тілдік ортаны қалыптастыру.

Мектеп «Назарбаев Зияткерлік мектептеріне» ортақ білім беру бағдарламасын қолданады. Бұл бағдарлама «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ ұстаздары мен Cambridge Assessment International Education кеңесшілерімен бірлесе отырып әзірленген ортақ жоба болып табылады. Мектепте қолданылатын білім беру бағдарламасының моделі: негізгі мектеп (7-10 сынып), жоғары мектеп (11-12 сынып) сынды 2 сатыдан тұрады.

Бағдарлама аясы мектеп оқушыларының таңдауына қарай жұмыс жасайтын элективті курстармен кеңейіп отыр. Солардың ішінде ең танымалдары «STEM», «Ойлау дизайны», «Драма», «Design thinking», «Робототехника», «Сыни ойлау». Оқушыларымыз АҚШ-тың жетекші оқу орындары (Стенфорд, Д.Хопкинс, Колумбия) университеттерінде жазғы курстарға қатысып тұрады.

Мектепте критериалды бағалау жүйесі қолданылады. Мектеп түлектері сыртқы жиынтық бағалаудан өтеді. Сыртқы жиынтық бағалаудың рәсімдері принциптері озық халықаралық тәжірибелерге негізделген әрі Cambridge Assessment International Education әдісімен келісіледі.

2011 жылдан бастап мектепте ағылшын тілін жетік білетін ортаны қалыптастыру,  ұстаздардың тәжірибе алмасуы мен оқушылардың интернационалистік және мәдениетаралық түсініктерін дамыту мақсатында шетелдік мұғалімдер сабақ бере бастады.

Ғаламдық ойлауды дамыту біздегі білім бағдарламасының бір өзегі. Ол клуб, жобалар арқылы қолдау тауып отыр. Аталған бағытты дамытуда 11 сыныптардың оқу жоспарына енгізілген «Жаһандық перспективалар» пәніндегі «БҰҰ моделі», 7-10 сыныптардың сабақтан тыс уақыттағы «Жаһандық бастамалар клубы»-ның үлесі зор. Бұдан бөлек, Малайзиядағы ханзада Уэльс атындағы халықаралық мектебі, американдық Furr High school (Хьюстон қаласы, Техас штаты), ағылшындық «Ratton school» (Брайтон қаласы) сынды шетелдік білім ошақтарымен әріптестік орнатылған. 2017 жылы Үндістанның Мумбай қаласындағы Халықаралық бакалавриат (IB) мектебімен тұрақты байланыс орнатылды.  

Мектеп қызметкерлерінің кәсіби дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Нәтижесінде олар мектеп ішінде, мектептен тыс және онлайн арқылы өз білімдерін дамыта алады. Мәселен, бірқатар мұғалімдеріміз магистрлік бағдарлама мен іс–тәжірибе арқылы АҚШ, Ұлыбритания, Финляндия мемлекеттері мен Назарбаев Университетінде білім алып келді.

«Оқушылар дарынын дамыту», «Функционалдық сауаттылықты дамыту және оқушылардың білім жетістігін тестік тапсырмалар арқылы бағалау» ұстаздардың мектепішілік біліктілігін арттыру жүйелі түрде қазақ және ағылшын тілдерінде өткізіледі. Семинарларда «Жаңа медиа технология», CLIL–мен  білім алады. Шетелдік мұғалімдер оқушыларды бағалауды формативті бағалауды ұйымдастыруға байланысты мектепішілік семинарлар, сонымен бірге шеберлік сағаттарын өткізеді.

Әр жыл сайын жазғы мектеп бағдарламасы құрылады. Оның негізгі мақсаты – ағылшын тілін білуді тереңдете түсу, көшбасшылықты жобалар мен зерттеу жұмыстары арқылы дамыту. Бағдарламаның мәні – жазғы мектеп бағдарламасын жоспарлау мен құруда шетелдік мұғалімдерді қатыстыра отырып, толеранттылық пен ұлтаралық мәдени байланысты дамытуда жобалық-зерттеу жұмыстарын ағылшын тілінде жүргізуде жатыр. Жазғы мектеп аясында қала мектептерінде білім алатын көпбалалы жанұяның балаларына көмек көрсетіледі.  

Қосымша білім беру жүйесінде 45 үйірме, 6 клуб жұмыс жасайды. Үйірме, клуб жұмыстары жергілікті және шетелдік мұғалімдер, еріктілер жетекшілігімен жүргізіледі. Оқушылардың шығармашылық таланты мен спорттағы қырларын ашуға септігі тиетін үйірмелерден бөлек, жекелеген пәндер бойынша да жұмыс істейтіндері бар. Олар: би, шахмат, скаутинг, жапон тілі мен мәдениеті, әуесқой радио, француз тілі мен мәдениеті.     Әр сенбі сайын шахмат, волейбол, баскетбол, және шағын футболдан спорттық жарыстар өткізіліп тұрады. Француз, неміс, қытай тілдерінен олимпиадаларға, көмек қажет ететін оқушылар үшін жекелей  және емтихандарға  дайындалу факультативтері бар. TEDх, Википедия, GIN, MUN, «Көшбасшылық» мектебі, «REDx» оқырмандар клубы қызығушылықтары ортақ бір ойлы шәкірттеріміздің басын қосады.

Мектеп күні бүгінге дейін республикалық, халықаралық олимпиадалар мен сайыстарда біршама табыстарға жетті. Оқушылар халықаралық Жәутіков, «Туймаада»  олимпиадаларының, Еуропалық математикалық олимпиадамен (European Mathematical Cup), жалпы пәндер бойынша республикалық олимпиадалардың жеңімпазы мен жүлдегерлері атанып жүр. Соңғы екі жылдан бері мектеп оқушылары Әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ ұйымдастырып жүрген «New Silk Way», халықаралық MUN конференцияларына тұрақты қатысады. Мектеп UNESCO–ның мектептер қауымдастығына мүше болып түрлі шығармашылық, ғылыми фестивальдар мен сайыстарына қатысуда.   

Оқушыларды шығармашылық және спорттық бағытта дамыту мектебіміздің негізгі басымдықтарының бірі. Нәтижесінде шәкірттеріміз желілік, республикалық, халықаралық жарыстарда танылып жүр. Олардың қатарында республикалық, халықаралық ән байқауларының, әскери-спорттық жарыстардың, шахмат пен тоғызқұмалық біріншіліктерінің жеңімпаздары бар.

2017-2018 оқу жылында 7 сынып оқушыларына психологиялық қолдау беретін «Шығармашыл сенбі» жобасы іске қосылды. Онда 7 сынып оқушылары «100 ән», «100 күй», «100 кітап» және би үйірмелеріне қатыса отырып, өз бойларындағы таланттарын ұштайды.  Әр тоқсан соңында оқушылар өз үйренгендерін мерекелік шараларда ата-аналарына көрсете алады.

Оқушыларға психология–педагогикалық қолдау білдіру үшін мектебімізде «7 сынып оқушыларын адаптациялау» бағдарламасы іске қосылған. Бұл арқылы оқушылар жаңартылған білім мазмұнына көндіге алады. Бұдан бөлек жағымды психологиялық орта қалыптастыру үшін «New Friends Discovery!», «Ізгі тілектер мезгілі», «Ceremony for admission the students to Grade 7», «Positiv morning», «Бинго NIS», «Мандала терапиясы», “Ассоциациялар” сынды т.б психологиялық акциялар ұйымдастырылады. Жаңа әдіс –тәсілдермен түрлі тақырыптарда психолог сағаты өткізіледі.  

Ата-аналармен жұмыс жүргізуде біржақты жолға қойылған. Мектеп саясатына қолдау білдіріп, мектеп өміріне белсенді қатысып отыратын ата-аналар комитеті жұмыс жасайды. Мектептің Қамқоршылық кеңесі де үнемі қолдау білдіріп отырады.  

Түлектеріміз ұлттық және халықаралық дәрежедегі маңдайалды оқу орындарына түсуде мақсат етеді. Олар қазіргі таңда Қытайдың (PolyU, NUST, CIT), Ресейдің (Ломоносов атындағы ММУ, МИФИ, ИТМО және т.б) Оңтүстік Кореяның (PNU, KAIST), БАӘ (NYUAD, Jumeira University), Финляндияның (Mikkeli University), Венгрияның (Corvinus University of Budapest) университеттерінде білім алуда.

Семей қаласы, Қарағайлы 1 мөлтек ауданы, тел 8 7222 636350

Электрондық поштамыз: [email protected]

Веб-сайт: sm.nis.edu.kz


Қаралым: 26078
Жарияланған: 09 Сәуір