Петропавл қ. химия-биология бағытындағы мектебі

Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі


Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі еліміздегі Зияткерлік мектептер қатарына 2015 жылдың 4 шілдесінде қосылды. 720 орынға арналған білім мекемесі қаладағы жаңа «Береке» шағын ауданында еңсе көтерді.

 Петропавлдағы жаңа мектеп жұмысының негізгі мақсаты – сапалы біліммен қамтамасыз ету, оқу үрдісіне инновацияны енгізу, білімді, бәсекеге қабілетті, сын тұрғысынан ойлап, өзін-өзі дамытуға талпынған қоғамға қызмет ете алатын ұрпақ тәрбиелеу.

Мектепте конкурстық іріктеуден сурінбей өткен өңіріміздің алдыңғы қатарлы мұғалімі сабақ береді. Олардың қатарында өз тәжірибелерімен бөлісуді көздеген АҚШ, Австралия, ОАР, Эстония елдерінен келген 6 білікті маман бар.

Оқушыларды конкурстық іріктеуден өткізу химия-биология бағытындағы пәндер бойынша оқуға қабілетті балаларды қабылдауға бағытталған. Бүгінде Зияткерлік мектептің 7,8,9,10-сыныптарында оқу үшін конкурстық іріктеуге қатысуға ниет білдірген 2000 үміткердің 500-і «Өркен» білім беру грантының иегері атанды.

Мектепте химия және биология пәндерін тереңдетіп оқытумен қатар, математика, физика және гуманитарлық пәндерді игеруге де көп көңіл бөлінеді. Оқу үрдісінде жоғары нәтижелерге қол жеткізу мақсатында мектеп заманауи құралдармен жабдықталған, оқушылардың жан-жақты терең білім алуына, зерттеу дағдыларын қалыптастырып және дамытып, білімдерін тәжірибеде қолдана білулеріне барлық жағдай жасалған.

Мектеп оқу, тілдік, жатын блоктарынан құралған. Оқу блогы 62 кабинеттен тұрады, оның ішінде 18 тілдік, 6 физика, 6 химия, 9 математика, 5 биология кабинеті, тарих, экология және т.б. кабинеттер бар. Заманауи робот техникасы, нанотехнология және биотехнология зертханаларын ерекше атап өту керек.  Сонымен қатар мектепте техникалық моделдеу, өнер технологиясы, психология, педагогикалық және ақпараттық технологияларды ықпалдастыру, жекелей жұмыс жүргізуге арналған дәрісханалар, сирек кездесетін кітаптар қоры бар кітапхана бар.

Балалардың өмірі мен қауіпсіздігі нормаларына сай келетін 120 орындық осы заманғы жатақхана Зияткерлік мектептің тағы бір ерекшелігі болып табылады. Жатын блогы ішінде жуынатын орны бар 4 оқушыға арналған бөлмеледен тұрады. Жатақханада кезекші  мұғалімге, ата аналармен кездесуге арналған бөлме, сабаққа даярлануға арналған оқу кітапханасы бар. Кір жуатын бөлме, дәрігер болмесі және медициналық изолятор да осы блокта орналасқан.

Мектепте оқушылардың демалуларына және шынығуларына ерекше көңіл бөлінеді. Балаларға сабақтан кейін 150 -ден астам түрлі тропиктік өсімдіктер өсетін жылыжай демалуға жағдай жасалған. Сондай- ақ  жаттығу залы, хареография залы, теннис корты, баскетбол және волейбол ойнауға арналған бірнеше спорт алаңдары, хоккей алаңы, скалодром бар. Бірнеше спорт залдарының бірі  120 орындық жылжымалы трибуналармен жабдықталған. Спортпен айналысу кезінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық алаңдар арнайы жабынмен жабылған.

Мекен жайымыз: Петропавл қ. Ы.Ыбраев көшесі, 22 а

 Қабылдау бөлмесі: 8 (712) 55-97-22

Электоронды пошта: [email protected]ptr.nis.edu.kz 

Веб-сайт: ptr.nis.edu.kz


Қаралым: 9126