Атырау қ. химия-биология бағытындағы мектебі

Атырау қаласындағы химия – биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі


Атырау қаласындағы химия – биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2013 жылдың 11 қыркүйегінде Зияткерлік мектептер желісіне қосылды.

Өңіріміздің ең мықты деген мұғалімдері іріктеуден өтіп, Назарбаев Зияткерлік мектебінің қызметіне жұмылдырылды. Сондай–ақ, АҚШ, Ұлыбритания, ОАР (ЮАР), Румыния, Ирландия сынды елдерден келген 12 мұғалім іс-тәжірибесімен бөлісу үстінде. Мұғалімдерді іріктеу сынағы 2012-2013 жылдың қараша, тамыз айларында өтті. Іріктеу комиссиясының мүшелері Зияткерлік мектепке 134 маманды ұсынды, оның ішінде ІІІ деңгейлік біліктілігін көтеру курсынан өткен 33 мұғалім, Назарбаев Университетінің 1 жылдық курсын бітірген 4 мұғалім  және «Болашақ» бағдарламасының түлектері бар. Іріктеу нәтижесінде 1 орынға 6 мұғалім үміткер болды.                      

Іріктеу сынағына 7,8,9 – сынып оқушылары қатысты. Зияткерлік мектепке (орта есеппен 1 орынға 4 оқушыдан) барлығы 2978 өтініш түсті. Ұлт көшбасшысы Қазақстан Республикасы Президентінің «Өркен» грантын 679 (23%) оқушы иемденді. Алғаш рет 7-сыныпқа қабылдау конкурсы стратегиялық серіктестермен бірге өткізілді: Нидерландыдағы педагогикалық өлшеу Институты (CITO) және АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінің талантты жастар орталығы.

Назарбаев Зияткерлік мектебі облыстың өзге мектептерін өз деңгейіне жетелейтін аймақтағы білім берудің ең басты инновациялық нысаны болмақ.

Мектептің химия – биология бағытында болуы тегін емес, себебі Атырау өңірінде үлкен өндіріс орындары шоғырланған, олар әр түрлі химия өндірісі: тау-кен орындарын өңдеу, жол, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарын өңдеуге арналған шикізат өндірісі.

720 оқушыға арналған Зияткерлік мектеп қаладағы жаңа «Нұрсая» ықшам ауданында орналасқан. Мектеп қалалық коммуникациялық желіге қосылған, өзінің жылу жүйесі бар. Құрылыстың бас мердігері «МодернСтрой – Атырау» ЖШС. 6 гектар жерге мектеп ғимараты, волейбол, үлкен теннис, баскетболмен айналысуға арналған бірнеше спорт алаңы, жүгіруге арналған жол салынған. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін барлық алаң гетерогенді қабатпен қапталған. Футбол алаңына жасанды газон төселген. Қыс мезгілінде алаңның біреуі мұз айдыны есебінде қолданылмақ.

Технологиялық дербестікті қамтамасыз ету мақсатында ғимарат бірнеше бөлікке бөлінді. Жоба коммуникациялық байланыстың оңтайлы шешімін және адамдардың ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз етеді. А блогының ғимаратында 120 адамға арналған трансформацияланатын трибунасы бар үлкен және шағын спорт зал, тренажер залы бар. П блогында 378 орындық көп функциялы акт залы орналасқан. Т блогында әрқайсысы  12 орындық 18 тіл үйрену кабинеті орналасқан. ФМ блогы – математика мен физикадан сабақ өткізуге арналған мамандандырылған блок. ХБ блогы – география, тарих, экология, химия, биология пәндерін оқытуға арналған мамандандырылған блок.

Өмір қауіпсіздігі және жоғары деңгейдегі тұрмыстық жайлылығы  ескерілген заманауи жатақхана Зияткерлік мектептің ерекшелігі болып табылады. Жатын блогы душы мен санитарлық жүйесі бар 4 оқушыға есеп жасалған бөлмелерден тұрады. Жатақханада көмекші оқытушының бөлмесі, оқу бөлмесі, ата-анамен кездесу бөлмесі орналасқан. Сонымен қатар мұнда дәрігер бөлмесі, медициналық оқшаулау орны, кір жуатын орын бар.

Мектеп оқу процесін оңтайландыруға, зерттеу жұмыстарын жүргізуге, білімін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беретін заманауи технологиялармен жабдықталған. Барлық кабинетте жеке компьютер, интерактивті тақта және  арнайы қуаттау құрылғысы бар 650-ден астам ноутбук бар.

Мекен-жайы: Атырау қаласы, «Нұрсая» ықшам ауданы, 11 – көше, №22 ғимарат.

Телефон: 8 (7122) 55 85 51

Электронды пошта: [email protected]

Веб-сайт: atr.nis.edu.kz


Қаралым: 28499
Жарияланған: 30 Қырқүйек