Халықаралық мектеп Астана қ.

Халықаралық мектеп


 Астана қаласындағы Халықаралық мектеп  2013 жылдың қыркүйек айында  бастауыш сынып оқушыларына өз есігін айқара ашты. Ашылған уақытта  мектепте 4 сынып және 10 мұғалім қызмет етті.

 2014- 2015  оқу жылында мектеп 400 оқушыны қамтитын 20 сыныпқа дейін өсті. Биылғы жылы балабақша ашылды.

 2016 жылдың қыркүйек айынан бастап, 1-ден 8 –сынып аралығындағы оқушылар 45 комплект сыныптарын қамтитын мектепте  оқуын бастады.

2016 жылдың 1-қыркүйегінде Астана қаласындағы Халықаралық мектебінің жаңа ғимаратының ашылуы өтті.  

Мектеп Орынбор және Хусейн Бен Талал көшелерінің қиылысында орналасқан. Ол 900 оқушыға арналған және 9 блок бойынша орналасқан 45 комплект-сыныптан  тұрады. Мектепте жеке оқу залдары бар кітапхана, спорттық және жаттығу залдары, роботтехника және қолөнер кабинеттері, телестудия және дыбыс жазу студиясы жұмыс жасайды.

Сондай-ақ, мектепте оқушылардың зерттеу жұмыстарын өткізуге арналған эксперименттік және технологиялық алаңдар орналасқан   заманауи ғылыми зертханалар кешені бар. Кітапхана заман талабына сай стильде  жабдықталған  және мектеп ғимаратының негізгі орталығы болып табылады.

Сонымен қатар, мектепте музыкалық және театр үйірмелерін ұйымдастыруға арналған студиялық жабдықтар, көріністерге арналған және дәрісханалық зал ретінде қолдануға болатын  театр үлкен сұранысқа ие.

Астана қаласындағы Халықаралық мектеп Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің аккредитациясынан өткен.

Мектеп Халықаралық Бакалавриат ұйымының 3 бағдарламасы бойынша авторизация алуды мақсат еткен. Қазіргі уақытта мектеп PYP  бастауыш мектеп бағдарламасы бойынша «Халықаралық Бакалавриаттың кандидат Мектебі» дәрежесіне ие.

Бағдарлама туралы. Халықаралық Бакалавриат қатысушы-мемлекеттерінің мектеп біліміндегі ең үздігін жинақтады.  Бұның өзінде Халықаралық Бакалавриат ұлттық білім беру жүйелерін алмастырмайды, керісінше оны ұлттық стандарттан жоғары сапалы жаңа деңгейге көтереді. Қазіргі уақытта Халықаралық Бакалавриат бағдарламасы дүниежүзінің 147 мемлекетіндегі 4267 мектепте ресми авторизациядан өткен, Қазақстанда 7 мектеп, соның ішінде Астана қаласында 3 мектеп авторизацияланған.

Халықаралық Бакалавриат үш білім беру бағдарламасын ұсынады:

1)      3-12 жас аралығындағы мектепке дейінгі және бастауыш мектеп оқушыларына арналған (PYP);

2)      11-16 жас аралығындағы негізгі мектеп оқушыларына арналған (MYP);

3)      16-18 жас аралығындағы  жоғары сынып оқушыларына арналған дипломдық бағдарлама (DP)

Халықаралық Бакалавриат бағдарламасының негізгі мақсаты – оқушылардың өздігінен жұмыс жасау дағдыларын, жеке және топтық эксперименттер мен зерттеулерді жоспарлау мен өткізу дағдыларын дамыту. Бағдарлама оқушылардың шығармашылық мүмкіндіктерін жан-жақты дамытуға бағытталған.

PYP бағдарламасы баланың сүйсініп білім алуына, жаңа ақпарат пен идеяларға шынайы қызығушылық танытуына, өзінің табиғи білімге құштарлығын үнемі дамытып отыруына бағытталған.  Бұл еркін ойлауға, жылдам және жарқын ойларды дамытуға, жүйелі және ұғынықты талқылауға бейімдейді.

Халықаралық Бакалавриат бағдарламасының философиясына сәйкес Астана қаласындағы Халықаралық мектеп оқушылардың зияткерлік мүмкіндіктерін қалыптастыруға, жеке мүмкіндіктерін, сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын дамытуға, толеранттылық және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға, үздіксіз білім алуға деген ынтасын арттыруға жағдайлар жасауға міндеттеледі. 

Өз қызметінде Астана қаласындағы Халықаралық мектеп келесі құндылықтарға жүгінеді: патриотизм, өзіне және қоршағандарға деген құрмет, ынтымақтастық, академиялық адалдық, өмір бойы білім алу, ашықтық, адамгершілік. 

Білім беру бағдарламасымен қатар Астана қаласындағы Халықаралық мектеп үйірме жұмыстарын ұйымдастырады, соның ішінде спорттық, көркем-эстетикалық, декоративті-қолданбалы, зияткерлікті дамыту бағытындағы секциялар, дөңгелек үстелдер, дебаттар, олимпиадалар, конференциялар және т.б. өткізеді.

Жоғары білім беру нәтижелеріне қол жеткізу мақсатында, білім беру заман талабына сай, жақсы жабдықталған білім беру алаңында өтеді.

 

Мекен-жай: Астана, Түркістан көш. 32/1

Тел.: 8 (7172) 91-61-77 (қабылдау бөлімі).

Веб-сайт:  isa.nis.edu.kz

 


Қаралым: 7576
Жарияланған: 14 Қазан