Шаңырақ

«Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы


 Назарбаев Зияткерлік мектептерінде оқушылар қауымдастығы «Шаңырақ» жобасы негізінде ұйымдастырылған. Оқушылар қауымдастығының мақсаты - бірыңғай топтар құру арқылы оқушыларды ауызбірлікке, біртұтастыққа бейімдеу, жоғары сынып пен төменгі сынып оқушылары арасында бауырмалдық, қамқорлық қарым-қатынас қалыптастыру.

Жалпы «шаңырақ» ұғымының халқымыздың ұлттық мәдениетіндегі орны ерекше. Шаңырақ — мемлекеттiң негiзi — отбасының бейнесi болып табылады. Жаңадан отбасын құрған  жастарға, дана халқымыз құрған отбасыңның тұғыры берік, мәртебесі жоғары болсын деген ниетін «Шаңырағың биік болсын!» деген қасиетті тілекке сыйдырған. Сондықтан рәмiздiк тұрғыдан Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасының негiзiн құрайтын Шаңырақ мазмұны және оның дүниетанымдық мәні тереңде.

Зияткерлік мектептердегі  «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығына жас аралығындағы және оқыту тілі әртүрлі екі сынып біріктіріледі (Мысалы, 12 және 9, 11 және 8, 10 және 7). Әр «Шаңырақтың» өз аты, белгілері, ұраны бар.

«Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының міндеттері:

  • Оқушыларды салауатты  бәсекелестікке  баулу;
  • Кішілерге үлкен топтардың басшылық етуі арқылы жоғары сынып оқушыларының бойында көшбасшылық қасиетін дамыту;
  • Бірлескен, біріккен, ұйымшыл командалар құру, бірігіп бос  уақыт тиімді өткізуді ұйымдастыру.

Оқу жылы барысында  «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы арасында әр түрлі жарыстар мен сайыстар (спорттық, зияткерлік, мәдени) өтеді, қатысқаны мен жеңістері үшін оқушылардың әр қауымдастығы ұпай сандарын  жинақтайды.

Оқу жылы соңында «Шаңырақ» қауымдастығының ең жоғары ұпайын жинап, жеңіске жеткен тобына «Өркен»  кубогі беріліп, «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициясына жолдама табыс етіледі. Тоқсандағы жетістіктері үшін оқушылардың әр қауымдастығы  кино, театр, басқа да мәдени орталықтарға бару билеттерімен қамтамасыз етіледі.

«Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының артықшылықтары:

  • Әр жастағы  оқушылардың  өзара ынтымақтастығы;
  • Жоғары сынып оқушыларының  төменгі сынып оқушыларына  қамқорлық танытуы өзара әріптестік мәдениетін қалыптастырады, көшбасшылық қабілеттерін  дамытады;
  • Сабаққа дайындық барысында және сабақтан тыс уақытты ұйымдастыруда бір-біріне көмек көрсетеді;
  • Біртұтас команда, корпоративті рух қалыптасады.

«Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы аясында жүзеге асырылатын жобалар

«Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы мүшелері  мектепішілік шараларға және өз қалаулары бойынша ұсынылып, қолдау табылған жобаларға белсене араласады.

Жобалар:

  • «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициялары;
  • «Патриоттық әндер» жобасы;
  • Интеллектуалды және онлайн интерактивті ойындар жарысы;
  • «Флеш-моб» жобасы;
  • «Жұлдызды сәт» жобасы;
  • «7 қайырымды іс» жобасы;
  • «Мектеп түлектерінің жұлдызды күндері» жобасы;
  • «Денсаулық күні» жобасы;
  • «Өнер күні»  жобасы;
  • «Отан деп соғар жүрегім!» қоғамға қызмет ету жобасы

Қаралым: 20436
Жарияланған: 17 Сәуір