Баспасөз-релиздер

БАСПАСӨЗ МӘЛІМДЕМЕСІ


 Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің алғашқы түлектері мектепті бітіреді

20 маусым күні сағат 16.00-де Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 11-сынып оқушыларына жалпы орта білім туралы аттестат тапсыру рәсімі салтанатты түрде өтеді. Мерекелік іс-шарада түлектердің емтихан қорытындысы жарияланып, мектепті аяқтағаны туралы бұйрық оқылып, аттестат тапсырылады.

Осы күні мектеп қабырғасынан 41 түлек шығады, олардың барлығы мемлекеттік емтиханды ойдағыдай тапсырып, «жақсы» және «үздік» деген бағаларымен ұстаздары және ата – аналарын қуантты. Сонымен қатар, түлектер өздері сүйіп оқыған пәндері бойынша мақтау грамоталарымен марапатталады. Биылғы жылдың басты жаңалығы және ерекшелігі – мемлекеттік емтиханды тапсыру. Бұл емтихандарды «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы ұйымдастырып, өткізді және қорытынды бағалар ҰБТ баллдарына ауыстырылып, әр оқушыға еліміздің жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін сертификаттар тапсырылады.

Түлектердің ішінде үш оқушы «Алтын белгі» және екі оқушы үздік аттестатқа қол жеткізді. «Алтын белгі» иегерлері - мектебіміздің мақтаныштары: Алтаев Абзал, Ниязхан Ботакөз және Айтмұрат Ақжүніс.

Оқу жылы бойы оқушылар тек қана білім алуды жалғастырып қоймай, сонымен қатар Назарбаев Университетіне оқуға түсу үшін де тер төкті, солардың ішінен 15 оқушы «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» болып алға шықты. Ендігі кезекте олар өз білімдерін еліміздің атақты университетіне айналып келе жатқан Назарбаев Университетінде жалғастырады.

Осы оқу жылының тағы бір ерекшелігі ағылшын тілі пәнінен білімі мен біліктілігін тексеретін IELTS емтиханын тапсыру болды. Дербес білім беру ұйымы сәуір айында өткізген сынақтан оқушылар сүрінбей өтіп Қасымхан Зарема, Алиманова Лейла, Мустахим Мәдина және Мукушева Айша 7 баллдан иеленді. Түлектер мектеп өміріне белсене араласуымен де ерекшеленді. Осы оқу жылында 22 оқушы халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындарға, ал 36 оқушы республикалық, қалалық түрлі олимпиадалар мен сайыстардың дипломдары мен сертификаттарына  ие болды. 

Салтанатты жиында түлектердің ата – аналары, мектептің серіктестері және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басшылығы құрметті қонақтар қатарынан орын алады.

Өтетің жері: Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, 2/1 Туркестан көшесі, акт залы.

 Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз-хатшысы Ақмарал Джолдасова 87029997527, dzholdassova.akmaral@nisa.edu.kz  

Білім беру жүйесінде басқарудың заманауи нысанын енгізу, инновациялық білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды іске асыруға қажетті академиялық еркіндік пен автономдылықты дамыту үшін 2011 жылғы 19 қаңтарда ««Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Заңды іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 маусымдағы № 647 қаулысымен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» акционерлік қоғамы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы болып қайта ұйымдастырылды.

Миссиясы: ұлтымыздың зияткерлік әлеуетін дамытуға ықпал ету.

Ұстаным: Жаратылыстану-математикалық оқудың классикалық дәстүрлері мен әлемдік педагогикалық тәжірибенің заманауи жетістіктерін үйлестіретін білім берудің инновациялық көптілді моделі. Модель патриоттықты тәрбиелеуге, білімді, өнегелі, сыни тұрғыдан ойланатын, өзін өзі дамыту мен шығармашылыққа ұмтылатын физикалық және рухани дамыған азаматтың қалыптасуына ықпал ететін білім беру және дағдыларды дамытуға бағытталған.

                                  

                                           


Қаралым: 1405
Жарияланған: 19 Маусым