Баяндамалар

«Зияткерлік мектептің сабақтан тыс уақыттағы жобалары туралы»


 Сүлейменова Жұлдыз Досбергенқызы

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының

Білім беру саясаты және бағдарламалар департаментінің аға менеджері, PhD

«Зияткерлік мектептегі сабақтан тыс уақыттағы жобалары туралы»

 Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері! Құрметті әріптестер! Назарбаев Зияткерлік мектептерінде оқу мен тәрбие біртұтас процесс ретінде  оқу үдерісіне кіріктірілген. Сабақтан тыс уақыттағы жобалар осы негізде жүзеге асырылуда. Жүзеге асырылып жатқан жобалардың әрқайсысына тоқталу тым үстірттік танытатын болғандықтан, кейбір маңызды жобаларды таныстырып өтеміз.

Жобалардың мазмұны оқушылардың шығармашылығын, әлеуетін дамытуға бағытталған. Бұл ретте оқушылардың бастамасымен ұсынылған «Туған елге тағзым» атты өлкетанулық зерттеу экспедициясы жақсы мысал бола алады. Аталған жоба ­іс-әрекеттегі зерттеу форматында жүзеге асырылды.  Жобаға барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары қатысты. Айта кетер басты жайт, экспедицияға қатысушы оқушы өзінің туған жерінен өзге еліміздің аймақтарында болып, сол жердің тарихы, мәдениеті, тағы да басқа оқушының қызығушылығына қарай өңірдің географиялық ерекшеліктерін зерттеді. Алдағы уақытта аталған жобаны жүзеге асыру дәстүрге айналмақ.

Зияткерлік мектептерде оқушылардың өзін-өзі басқаруы  «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы негізінде ұйымдастырылған. Шаңырақ ұғымының қазақ халқының мәдениетіндегі орны ерекше. Оқушылар қауымдастығын осылай атаудағы мақсатымыз - жоғары сынып пен төменгі сынып оқушыларын бір шаңыраққа топтасыру арқылы оқушыларды ауызбіршілікке, біртұтастыққа бейімдеу, олардың арасында бауырмалдық, қамқорлық қарым-қатынасын қалыптастыру. Сол арқылы көшбасшылық қабілеттерін дамыту көзделеді.  

Жүзеге асырылап жатқан келесі жоба «Зияткерлік мектептің TEDx клубы» деп аталады. Бұл жобаға тоқталмас бұрын, оның тарихымен таныстырып өткен орынды болар. 1984 жыл. АҚШ. Калифорния «Technology, Entertainment, Design» деген аталатын TED конференциясы «Таратуға тұратын идеялар» ұранын тастады және қызықты идеяларды барынша көп адамға таратуды өз міндеті ретінде айқындады. Осы жиында 15 минуттан тұратын баяндама жасап әлемге танымал болған Билл Гейтс,  Эл Гор және Ұлыбританияның премьер-министрі Гордон Браун секілді тұлғаларды атап өтуге болады. TED конференциясында таныстырылған Macintosh компьютерлері, әлемдегі ең алғашқы компакт-дискілер бүгінде біздің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды.  

Бұл жобаны біздің мектептерге әкелудегі мақсат қандай? Басты мақсат - оқушылардың бойында ғылыми-зерттеу, әріптестік қатынастар, шешендік өнерді дамыту, алуан түрлі көзқарастар мен пікірлерге деген құрметті қалыптастыру болып табылады. Клуб жұмысы аясында оқушылар әлемнің алдыңғы қатарлы ғалымдары мен өнертапқыштарының қазақ, ағылшын, орыс тілдеріндегі қысқа қоғамдық лекцияларын тыңдап, оларды талқылайды. Сондай-ақ, өздері таңдаған тақырыптарға TED форматында баяндамалар дайындайды. Олардың арасында жарыстар өткізетін боламыз. Мұнымен де тоқтап қалмаймыз, жыл сайын оқушыларды Калифорнияда өтетін ТED конференциясына әлемнің озық ойлы өнертапқыштарымен жүздестіріп, олардың жаңа идеяларын өз көздерімен көруге мүмкіндік беру жоспарымызда бар.

 «Wikipedia клубы» жобасы: Википедиа дүниежүзіндегі №5-ші онлайн-энциклопедия, оған мақалаларды қолданушылар өз қолымен жазады. Әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында Википедияны кеңінен пайдалану таралып келеді.  Оқушыларды Википедиаға үш тілде мақала жазуға дағдыландыру арқылы оларды шығармашылық жұмыс пен ғылыми ізденіске баулып, интеллектуалдық шыншылдық, жауапкершілік принциптерін және ақпараттық технологиялармен таныстырамыз. Сондай-ақ, қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде Қазақстан туралы онлайн контент қалыптастыруға оқушыларды мектеп жасынан үйретеміз. Биылғы жылдың тамыз айында Гонконг қаласында әлем википедияшыларының конференциясы өтеді. Оған да оқушыларымызды қатыстыруды жоспарлап отырмыз.

«Зияткерлік мектеп оқушысы оқуға міндетті 100 кітап» жобасы. Жобаның мақсаты оқушыларға қазақ әдебиетінің, әлем классикасының алтын қорындағы аса құнды шығармаларды оқыту, сол туындылардың рухани маңыздылығын жеткізу. 100 кітап тізімі әзірленді. Аталған тізімде 60 қазақ әдебиетінің, 40 әлем әдебиетінің классикасы, оның ішінде 20 - ағылшын, 20 - орыс әдебиеті қамтылды. Алдағы уақытта осы тізім бойынша әдебиеттердің электронды нұсқасы дайындалады. Біз кітапттарды оқыту арқылы Зияткерлік мектеп оқушысының бойында бірнеше дағдыларды дамытуды көздеп отырмыз. Мысалы, таңдалған шығармалар желісімен оқушылар оқып шыққан кітабы бойынша өздері салған суреттерден электронды кітапқа иллюстрация жасайды, шығармалардың аудио нұсқаларын дайындайды.  Оқушылар кітап оқу барысында «Көркем әдебиетті оқу» күнделігін жүргізеді. Сондай-ақ, аталған жоба аясында Зияткерлік мектептерде «Кітап кейіпкерінің күні» өткізіледі. Кейбір шағын шығармаларды оқушылардың өз даусымен жазып, электронды және аудио кітаптарды www.iKitap.kz арқылы тегін тарату ұсынылады. Жоба аясында оқушылар «iBooks Author» бағдарламасын игеріп, өз беттерінше электронды кітап жасап үйренеді. Бұл тұрғыда 2013 жылдың 15 наурызында «Apple VAD BDM Education» компаниясының тренері Andrew Stogdaleмен (Лондон) «Электронды кітап жасаудағы Apple мүмкіндіктері» тақырыбына тренинг өткізілді. Жалпы, әр туынды өзінің түпнұсқа тілінде оқытылады.

Аталған жобалар білім беру мен тәрбие жұмысының біртұтастығын көрсетеді. Дана халқымыз «Мұратына жүрген жетеді» дейді. Басты мақсат білім мен тәрбиенің бірізділігі негізінде өз еліне адал, отансүйгіш азамат қалыптастыру. Назарларыңызға рахмет!


Қаралым: 5672
Жарияланған: 17 Сәуір