Баяндамалар

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрайымы К.Н.Шәмшидинованың 2013 жылғы 31 қаңтарда ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтың қатысуымен өткен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында сөйлеген сөзі


  

       Бүгінгі күні біз қоғамды жаһандастыру, адами ресурстардың ұтқырлығын арттыру, АКТ саласындағы үлкен өзгерістер, қолжетімді және көпжақты ақпараттар, БАҚ-тың дамыған әрекеттері, білім мен ғылымдағы технологиялар, инновациялар жағдайында өмір сүріп жатырмыз.

        Осыған байланысты мектеп үнемі құбылып тұратын әлемде табысты болуға қабілетті адамға негіз салуға тырысуы қажет. Сондықтан әлем бойынша білім мазмұны жаңаруда, оқытудың әдістері, технологиялары, бағалаудың объективті жүйесі, мектепті басқарудың айқын жүйесі енгізілуде. Біз кемінде 10-15 жылдан кейін ересек өмірге қосылатын балаларды оқытудамыз. Болашақта өмірдің қандай болатынын ешкім айта алмайды. Сол себептен, балаларды оқыта отырып, біз қазіргі уақытта әлі жоқ жұмыс орындарындағы қызметтерге, әлі ойлап шығарылмаған технологияларды меңгеруге, туындайтынын адам әлі көріп-білмеген проблемаларды шешуге дайын болуымыз керек.

        Бұл үшін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ танылған халықаралық сарапшылармен бірлесе отырып, жылдам өзгеретін әлемде оқушыларды оқытуға неғұрлым бағытталған білім беру модельдерін әзірлеу үшін орта білім саласындағы үздік отандық және халықаралық тәжірибені зерделеуде. Біз бүгінгі күннін өзінде еліміздегі орта білім жүйесіне Зияткерлік мектептердің тәжірибесі мен үздік халықаралық практикаларды тапсыру бойынша шаралар қабылдаудамыз. Трансляцияның бұл кезеңіндегі негізгі бағыт педагог қызметкерлердің кәсіптік дамуы болып табылады. 

   Еліміздегі мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстары мен олардың біліктілігін бағалау Кембридж университетінің Білім факультетімен бірлесе отырып, біздің Педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген бағдарламалар мен стандарттар бойынша жүзеге асырылады. Деңгейлік бағдарламалардың мақмұны өздерінің практикалық қызметін жақсарту мақсатында оларды зерттеуге қабілетті пікірлес педагогтардың кәсіптік қоғамдастығын құруға, сондай-ақ оқытудың жаңашыл әдістерін әзірлеуге, өз мектебінің, аудан, облыс және республика мектептерінің мұғалімдерімен алған тәжірибелерін бөлісуге бағытталған. Мұғалімдерді курстан кейін қолдау мақсатында ПШО порталында деңгейлік курстардан өткен педагогтардың желілік қоғамдастығы құрылған. Олардың оқыту-әдістемелік кешендердің және бағдарламалар бойынша қосымша материалдардың электрондық нұсқасына рұқсаты, сондай-ақ онлайн режимінде оқытуға немесе кәсіптік қызметі процесінде туындайтын мәселелерді талқылауға, сарапшылардан, жаттықтырушылар мен шетелдік мамандардан консультациялар алуға мүмкіндіктері бар. Бұған қоса, біз Білім және ғылым министрімен педагогтардың оқыту тиімділігі мен сапасын тексеру үшін курстан кейінгі бағалау моделін әзірлеу қажеттілігін келістік.

         Мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарының бағдарламасын қоғам оң қабылдады. Осылайша өткен жылдың соңғы айларында өңірлік, республикалық және шетелдік БАҚ-та 100-ден аса қолдау пікірлері мен лебіздер жарияланған. Бұл «Өрлеу» АҚ өткізген сертификатталған мұғалімдер мен мектеп басшыларының сауалнамаларының қорытындыларымен де дәлелденіп отыр. 178 қала мен ауданның 1163 мектебінен барлығы 1855 мұғалім мен 1998 басшыдан сауалнама алынды.  Мектеп мұғалімдерінің 95%-ы мен басшыларының 98%-ы бағдарламаға оң баға берген. 

           Мұғалімдердің Тамыз конференциясында мектеп басшылары үшін біліктілігін арттыру курстарының қажеттігі туралы ұсыныс енгізілген. Қазіргі уақытта Кембридж университетімен бірлесе отырып, орта білім ұйымындағы басшы қызметкерлердің біліктілігін арттыру курстарының бағдарламаларын әзірлеу үстіндеміз. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Тұрмаханұлы Орынбаевтың тапсырмасы бойынша Зияткерлік мектептер базасында орта білім ұйымдарының кадрлық резерві тағылымдамаларының бағдарламасын әзірлеу басталды. Оқытудың және бағалаудың инновациялық әдістерін трансляциялау «оқушылар үшін он-лайн сабақтар және жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері үшін он-лайн семинарлар» арқылы да іске асырылады.

          7 - 11-сынып оқушылары үшін химия, биология, физика, математика, ағылшын тілі бойынша 582 онлайн сабақ және пәндер бойынша «Критериялық бағалау» модулі бойынша 75 онлайн семинар өткізілді. Өңірлерге онлайн сабақтар мен семинарлар жазылған 1350 диск жіберілді. Әлемдік және отандық педагогиканың алдыңғы қатарлы технологияларын енгізудегі тәжірибесін жариялау үшін Кембридж университетінің Білім факультетімен ынтымақтастық барысында үш тілде «Педагогикалық диалог» («Педагогический диалог», «Pedagogicaldialogue») ақпараттық-әдістемелік журналы шығарылуда. 

      Өткен жылдан бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі белгілеген 35 базалық мектеппен жұмыс басталды.

          Білім беру процесін қолдау мақсатында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ сайтында «Мұғалімдерге» айдары ашылды. Онда әдістемелік нұсқаулықтар, пәндер бойынша сабақ жоспарлары, сабақтар мен семинарлардың әзірлемелері және бейне роликтері, критериялық бағалау жүйесі бойынша тапсырма үлгілері, олимпиада тапсырмалары және т.б. орналастырылған. Зияткерлік мектептің әрбір төртінші мұғалімі сайтта өзінің әдістемелік материалын орналастырады. Ай сайын сайтты миллионнан аса, оның ішінде «Мұғалімдерге» айдарын 45 мыңнан аса пайдаланушы ашып қарайды. 

       Трансляцияның тағы бір бағыты әлемнің үздік сарапшыларының қатысуымен өтетін халықаралық конференцияны ұйымдастыру болып табылады. Біз білімді, көшбасшылықты, басқару мен мұғалімдердің кәсіби дамуын ұстау мәселелері бойынша 4 конференция өткіздік. Конференцияның ерекшелігі әрбір қатысушы қазіргі қажет мәселелерді талқылауға және өз көзқарасын айтуға қатыса алатын диалогтық алаң, панельдік пікірталас түріндегі секциялық отырыстардың стандартты емес форматы болып табылады. Жұмыс істеп тұрған Зияткерлік мектептер өңірлердегі қолда бар тәжірибелерді трансляциялау жөніндегі алаңдар болып табылады. Мысалы, Талдықорған қаласындағы Зияткерлік мектеп басқа мектептің мұғалімдеріне көшбасшылық пен басқаруды дамыту және енгізу тәжірибесін, Астана қаласының мектептері тим-тичингті ұйымдастыру және әлеуметтік практиканы енгізу тәжірибесін, Семей қаласындағы мектеп жергілікті қоғаммен жұмысты ұйымдастыру тәжірибесін, Өскемен қаласындағы мектеп жоғары оқу орындары базасында оқушылардың ғылыми қызметін ұйымдастыру тәжірибесін ұсынады. 

           Әр оқушы – дарын иесі, сондықтан мектеп пен мұғалімнің міндеті оқушының ерекшеліктерін тану және оған қабілеттерін дамытуда педагогикалық қолдау көрсету болып табылады. Бұл үшін Зияткерлік мектептің мұғалімдері Джонс Хопкинс Университетінің Дарынды Жастар орталығымен (АҚШ) бірлесе отырып, «Дарынды балаларды дамыту» бағдарламасын әзірледі. Бағдарламаның негізгі мақсаты мұғалімдерді балалармен жұмыстың оқушыларды жан-жақты дамытуды қамтамасыз ететін тиімді әдістер мен стратегияларға оқыту болып табылады. Бағдарлама мұғалімдерді балалардың қабілеттерін анықтауға, олар үшін психоәлеуметтік ұсынымдар әзірлеуге, академиялық жоспарлау және бағалауға, оқушы құзыретінің жоғары деңгейіне жету үшін оқу жоспарын саралауға оқытуға бағытталған. 

 

Қаралым: 5776
Жарияланған: 12 Наурыз