Жаңалықтар

«Жаңару жаршысы»


Педагогикалық шеберлік орталығы Шымкент қаласының Білім басқармасы мен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің қолдауымен «ЖАҢАРУ ЖАРШЫСЫ» атты мектептердің І өңірлік форумын өткізді.

Форумның мақсаты – жалпы білім беретін мектептердегі педагогикалық ұжымдардың әдістемелік әлеуетін кеңейту, еліміздің әр өңірінде жаңартылған білім мазмұнын енгізіп, сапалы тиімді басқару тетігін құра отыра, жетекші мектептерге қолдау көрсету. Форумға 400-ден астам мектеп басшылары мен мұғалімдер, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның, Педагогикалық шеберлік орталығының, Түркістан, Қызылорда, Алматы, Жамбыл облыстары Білім басқармаларының өкілдері қатысты.

Форумның алғашқы күнінде қатысушыларға арналған «Жетекші мектептердің тәжірибесіндегі инновациялық идеялар» деп аталатын диалогтік алаң ұйымдастырылды. Оның аясында сабақты жоспарлау, серіктес мектептермен өзара қарым-қатынас, инновациялық менеджмент, сабақты зерттеу, әлеуметтік жобаларды дамыту және педагогикалық жоғары оқу орындарында кәсіби даярлау мәселелері жөнінде 7 секция өткізілді.

Екінші күні қатысушылар жаңартылған білім мазмұнын енгізу жағдайында тиімді оқыту мен педагогтарды кәсіби тұрғыда дамыту мәселелері жөнінде жетекші мектеп директорлары мен мұғалімдерінің, педагогикалық шеберлік орталықтары тренерлерінің қолдауымен түрлі шеберлік сабақтары мен TED-х баяндауларға қатысты.

Форум соңында жетекші мектептерді одан әрі дамытудың басым тұстары белгіленіп, педагогикалық ұжымдардың кәсіби құзыреттілігін дамытудың бағыттары нақтыланды.

 



Қаралым: 55
Жарияланған: 15 Қазан