Жаңалықтар

Пилоттық мектеп ұстаздары жұмыс қорытындысын талқылады


2019 жылдың 13-14 тамызында Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектепте білім қызметкерлерінің тамыз кеңесі аясында Қазақстандағы пилоттық мектептер педагогтарының секция отырысы өтуде.

Тамыздағы қорытынды кездесуге еліміздегі 30 пилоттық мектептің 220 жуық мұғалімі, мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары жиналды.

Қорытынды кездесуге Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Сауле Нурахайқызы Кабимолдаева, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Алмагүл Кенесханқызы Ахмеджанова қатысты.

Секция отырыстарының басты мақсаты пилоттық мектеп мұғалімдерінің білім беру мазмұнын ішінара жаңарту кезіндегі кәсіби дамуы, бастауыш мектептің оқу бағдарламаларын жүзеге асыру тиімдімділігін талқылау болды. Секция отырыстарында соңғы төрт жылда жаңартылған білім беру мазмұны мен оқушы білімін критериалды бағалауды пилоттық енгізу жұмысының нәтижелері талданды.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның Басқарма төрайымының орынбасары Айдана Шилибекова мен Басқарушы директор Айгүл Қазжанова секциялық отырыстың пленарлық бөлімінің модераторлары болды.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның Басқарушы директоры Айгүл Қазжанова пилоттық мектептердің директорлары мен мұғалімдерінің Назарбаев Зияткерлік мектептері оқу бағдарламаларын тәжірибеге енгізу бойынша жұмыла атқарған жұмысына тоқталып өтті. Айгүл Қазжанованың мәлімдеуінше, Білім министрлігі бекіткен пилоттық мектептер қатарында еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан қала, ауыл мектептерімен қатар шалғайдағы шағын комплектілі мектептер де болды. Бұл мектептердің мұғалімдеріне көп еңбектенуге, жаңа құжаттарды талдап, өз тәжірибесіне талдау жасауға, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін меңгеруге, Зияткерлік мектеп мұғалімдерімен тығыз байланыста болуға тура келді. 2015 жылдан бастап пилоттық мектептерде 6500-ге жуық түрлі тренингтер, семинарлар, шеберлік сағаттары ұйымдастырылды, 9000 аса сабаққа талдау жасалды. Осындай педагогикалық ынтымақтастық нәтижесінде оқу бағдарламаларындағы олқылықтар анықталып, эксперименттік жұмысты жалғастыру үшін оқу-әдістемелік кешеніне түзетулер енгізілді. Жаңа оқу жылында осы бағыттағы жұмыс өз жалғасын табатын болады.



Қаралым: 25
Жарияланған: 15 Тамыз