Жаңалықтар

Ұлы дала ұрпағы: өте жақсы!


«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Нұр-Сұлтан қаласында «Отандастар» қоры және Дүниежүзі қазақтары Ассоциациясымен бірлесіп алғаш рет шетелдік қазақ диаспорасының балаларына арнап ұйымдастырған  «Ұлы дала ұрпағы»  жазғы мектебі өз мәресіне жетті. Елордаға Ресей, Иран, Моңғолия, Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстан елдеріндегі қазақ диаспорасынан 150 өкілі келді.

 Бірегей жоба қатысушыларына туған тілді, Қазақстан тарихын, қазақ халқының салты мен дәстүрін танып білетін арнайы бағдарлама әзірленді. Шет мемлекеттен келген қазақ балалары Нұр-Сұлтанның негізгі айшықты орындарын – ЭКСПО орталығын, Бәйтерек монументін, «Әзірет Сұтан» мешітін, «Мәңгілік ел» Триумфалдық аркасы, Қазмедиа орталығын және елорданың басқа да танымал нысандарын көрді. Оқушылар «Бурабай» мемлекеттік ұлттық саябағы, «Родина» агрофирмасы, Аққайың орман питомнигіне саяхат жасады. Ұлттық мұражайда тарих пәнінен «Ұлы даланың жеті қыры» атты ашық сабағы ұйымдастырылды. «Қазақстан Ғарыш Сапарында»  оқушылар «Байқоңыр» ғарыш айлағының тарихымен танысып, Атамекен  этно-мемориалдық кешенінде еліміздің киелі таңбалары туралы арнайы экскурсияға қатысты. Жас қонақтарымыз тарихи отандарының қасиетті жерлері мен табиғи, тарихи, мәдени маңызды нысандарын көріп таң қалыстарын жасырмады.

География және жаһандық перспективалар пәніндегі  басты тақырып – қазақ халқы үшін Ұлы Жібек Жолының маңыздылығы болды. Оқушылар елорданың Назарбаев Университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Қазақ мемлекеттік заң университеті, С.Сейфуллин атындағы Аграрлық университет сынды атақты ЖОО көріп, болашақта осы аталған университеттерде білім алсақ деген армандарын жеткізді. Жаңа елордамыз бой түзеген еліміздің басты өзені жағасында «Есіл бойындағы астанам» атты тақырыптық экскурсиясы, - Нұр-Сұлтан қаласындағы жазғы мектептің ең жарқын сәтіне айналды.

Елордалық физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп қабырғасында    ұлттық аспаптарда ойнаудан, қолөнер, халық биінен шеберлік сағаттары өтті. Сонымен қатар, жаратылыстану-математика бағытындағы STEM оқулар, робототехника, дизайн-ойлау бағытында, көшбасшылық пен шешендік шеберлікті дамыту бойынша тренингтер ұйымдастырылды. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «Туған елге тағзым», «Қазақтың 100 әні», «100 кітап», «100 күй» сынды жобалары балаларға Қазақстанның бай мұрасын тереңінен танып-білуге көмегін тигізді. Кітапханада шет елдік қонақтарды  Зияткерлік мектептердің басты жобаларының бірі – «100 кітап» пен READx таныстырылды.  «Ұлттық аспаптар сағаты» – домбыра, қобыз, жетігенге,  ал «Ұлттық ойындар сағаты» тоғызқұмалақ, қыз қуу, асық ату, арқан тартуға арналды.

Руслан Байдавлетов түркменнің Ташауз қаласынан, Алланияз Шадкам Ираннан, Айгерім Мандат Моңғолияның Баян-Өлгейінен атамекенге алғаш рет аяқ басып отыр. Бүгінде бұл 3 ұл-қыз бен олардың жаңа достарында бір ғана ортақ арман бар. Ол – тарихи елдеріне қайтып оралу. Бұл тілекті балалар Нұр-Сұлтан қаласындағы Бәйтеректе де іштей тіледі. 

 



Қаралым: 70
Жарияланған: 24 Шілде