Жаңалықтар

Футзалдан желілік спартакиада жеңімпаздары анықталды


Қарағанды, Қызылорда және Павлодар қалаларының зияткерлік мектептерінде футзалдан желілік спартакиаданың аймақтық кезеңі өтті. Зияткер ұлдар мен қыздар арасындағы дәстүрлі турнир биыл екінші рет жалауын желбіретті. Үш қалада  барлығы 21 команда бақ сынасты.Сыр өңірінде өткен жарыстың аймақтық кезеңіне Ақтөбе, Орал, Ақтау, Атырау, Шымкент және Қызылорда қалаларының зияткерлері қатысты. Барлық командалардың ойыншылары шабуыл жасап, қарсыластардың қақпасына гол соғып, ерекшелеуге тырысып бақты. 

Ұлдар арасында I орынды Шымкент қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Зияткерлік мектептің оқушылары иеленді. Ал, жүлделі II және III орындарды  Ақтау мен Шымкенттегі химия-биологиялық бағыттағы мектептердің спортшылары бөліп алды. Қыздар арасында өткен тартысты додада Ақтаулық бұрымдылар спартакиада жеңімпазы атанды. Шымкенттен келген зияткерлер екінші орынды, ал Қызылордалық команда қола медальды  қанағат тұтты.

Павлодар қаласындағы NIS ұйымдастырған сайысқа Алматы қаласының қос бірдей Зияткерлік мектебі, Тараз, Талдықорған, Семей, Өскемен, Павлодар қалаларының НЗМ қатысқан болатын. Спорттық ойынның нәтижесі бойынша ұлдар арасында алтын медаль  Өскемендіктерге, қүміс медаль Павлодарлықтарға, ал қола жүлде  Алматының физика-математикалық бағыттағы мектебіне бұйырды.  Қыздар арасында Өскемендік зияткерлер іздеріне шаң ілестірмей жүлделі бірінші орынды, ІІ-ші қола медальді бар күш-жігерлерін салып Алматы қаласындағы химия-биологиялық бағытындағы мектеп, ІІІ орынды Павлодарлық зияткерлер қанжығалады.

Ал Қарағандыда өткен жарысқа – Нұр-Сұлтан қаласындағы үш Зияткерлік мектеп, Қостанай, Көкшетау, Петропавл және Қарағандының талапты оқушыларынан құралған командалары теңбіл доп шебері атағына таласқан болатын. Ойын нәтижесі бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жеңіс тұғырынан көрініп –1 орынды иеленсе, қарағандылық зияткерлер 2-ші орынға жайғасты. Нұр-Сұлтан қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 3-ші орынды місе тұтті.  Қыздар арасында елордалық IB мектебі 1 орынға лайық деп табылса,  қарағандылық қыздар – 2 орын, Петропавлдағы Зияткерлік мектептің арулары 3-ші орынды иеленді.

Жарыста командалар арасында әділ-қазыларының шешімімен шымкенттік Азамат Исақ пен ақтаулық  Жансүйген Нуратакова,  талдықорғандық  Санжар Тұрғанбек және алматылық Рахима Нұркен, петропавлдық Мадина Тоғызбаева мен нұр-сұлтандық Досжан Қалдыбай – «Үздік ойыншы» атағын иеленді. Сонымен қатар тартысты ойын көрсете білген оқушыларға  «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылшы», «Үздік қорғаушы», номинациялары бойынша марапаттар берілді.

Футзал спорт түрінен II Желілік спартакиаданың аймақтық кезеңінде  бірінші және екінші орынға ие болған командалар мен ақтық сайысқа жолдама алған топтар, 24-26 маусым күндері Шымкент қаласында өтетін республикалық кезеңде бақ сынасатын болады.

 

 

 



Қаралым: 214
Жарияланған: 17 Маусым