Жаңалықтар

NIS – Қазақстан картасында


Назарбаев Зияткерлік мектептерінің баспасөз–орталығында еліміздің қайталанбас картасы пайда болды.

Зияткерлік мектептер орналасқан Қазақстанның барлық қалалары әр аймақтың символы бейнеленген эксклюзивті тарелкалармен таныстырылған.    

Ақтау қаласындағы Зияткерлік мектеп Каспийдің ұлу қабыршағымен сәнделсе, Көкшетаудан келген кәдесыйда Бурабайдың қарағайы бейнеленген.  Атыраулықтар мұнай мен бекірені өз символдарына айналдырған. Химия-биология бағытындағы алматылық мектеп шыңын қар бүркеген тау бөктеріндегі NIS ғимаратын бейнелесе, физика-математикалық мектеп танымал апорт алмасын суреттеген. Қызылордалық тарелканы Байқоңыр ғарыш айлағы мен Қорқыт ата мемориалдық кешенінен, семейлік кәдесыйды қайталанбас аспалы Ертіс көпірі арқылы, өскемендіктердікін – сұлу маралынан тез тануға болады. Тамғалы петроглифтары халықаралық мектеп пен шымкенттік физика-математика бағытындағы мектептің эксклюзивті кәдесыйларында белгіленген. Шымкенттің екінші мектебі Бәйдібек би ескерткіші мен еліміздегі үшінші мегаполис логотипінің бейнесінен ақ білінеді. Абылайхан, Ағынтай мен Қарасай батырлар, Шоқан мен Мағжан барельефтері бейнеленген туындыны Петропавл мектебі жасаған. Айша бибі мен Қарахан кесенелері, тылсымға толы Тектұрмас Тараз қаласының екі мың жылдық тарихының дәлелі. Қарағанды мен Қостанай қалаларының кәдесыйларында  металлургия және тың астаналарының көрікті жерлері бейнеленген. Талдықорған, Павлодар, Орал қалаларының эксклюзивті тарелкалары Зияткерлік мектеп ғимараттарымен сәнделген. Ақтөбелік кәдесыйда NIS символы жасыл өскін мен сәуір айында бүр жаратын қызыл қызғалдақ ерекше көңіл-күй сыйлайды. Елордалық физика-математика бағытындағы мектеп тарелкасында Зияткерлік мектептердің 10 жылдығына арналған. Халықаралық Бакалавриат бағытында білім беретін Нұр-Сұлтандық мектеп кәдесыйында еліміздің басты символы – Бәйтерек бейнеленген.

Кәдесыйлар саны Зияткерлік мектептерден көп. Баспасөз-орталығына 22-ші тарелканы NIS-тың Түркістан облысындағы өкілі Жанар Жаманқұлова сыйлады. Бұл жаңа облыс орталығы Бүкіләлемдік ЮНЕСКО мәдени  мұрасына кірген көне қалада – жаңа Зияткерлік мектеп ашылатынының белгісі.

 



Қаралым: 175
Жарияланған: 23 Мамыр