Жаңалықтар

Ақтаудағы Зияткерлік мектептің жаңа статусы


Бүгін Халықаралық мектептер кеңесінің CIS аккредиттелуінен өткен мектептер қатарын Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі де толықтырды.

CIS Халықаралық аккредиттеу бойынша директоры Стюарт Маклей мектепке құттықтау хатын жолдады.

– Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне қазіргі сәттен бастап  Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) аккредитациясынан өткендігін хабарлағаныма қуаныштымын. Сізге және сіздің қызметкерлеріңіз бен бүкіл мектеп ұжымына ең жылы тілектерімізді жолдай отырып, жетістіктеріңізбен құттықтаймыз, – дейді ол хатында.

Биылғы жылдың сәуір айында кеңестің сарапшыларынан құралған жұмыс тобы өңірдегі мектеп өмірінің халықаралық стандартарға сәйкестігін бағалау мақсатында келген еді. Сапар барысында Австралия, Румыния, Франция, Бельгия, Тайланд, БАӘ, Өзбекстан елінен келген тәуелсіз сарапшылар бес күн бойы ұйымның тыныс-тіршілігмен танысып, әкімшілік өкілдері, оқушылар және ата-аналармен кездесіп, білім беру жүйесіне бақылау жүргізді. CIS командасы білім беру процесі мен мектеп өмірінің оқу және тәрбие жұмыстарына баға берді.

– Халықаралық мектептер кеңесінен аккредиттелуінен өту мектебімізге үздіксіз дамуға тамаша мүмкіндіктер ашады. Бұл оқу орнының үнемі жоғары білім сапасына ұмтылысының дәлелі, – деп атап өтті мектеп директоры Ермек Пайзов.

Халықаралық мектептер кеңесі (CIS) – бұл мектептерді аккредиттеуге және жетілдірілген оқыту әдістерін дамытуға арналған халықаралық білім беру ұйымы. Ақтаудағы Зияткерлік мектеп NIS  жүйесіндегі акрредитациядан өткен 18-ші мектеп.

 

 

 



Қаралым: 188
Жарияланған: 23 Мамыр