Жаңалықтар

«Ғарыш. Ғылым. Интеллект» Сыр өңірінде


Қарқынды дамып жатқан ғарыш саласының тынысымен таныстырып, жас өрендердің қызығушылығын оятып, білімін кеңейтуге арналған дәстүрлі ІХ Наурыз кездесулерінің жабылу салтанаты ұмытылмастай өтті.

Құпия мен тылсымға толы Сыр өңірінің ортасында орналасқан Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларының өнері қатысушылар мен құрметті қонақтарды тамсандырды. Қорқыт бабамыздың ойтолғауынан басталған салтанатты шара, күн мен айдың тілдесуімен жалғасты. Кейін балалар жалынды билерімен көрерменді ғылымның сырын ашуға шақырды. Қызылордалық оқушылар құрастырған «Ақылды роботқа» тіл бітіп, жетістіктің кілті ілім іздегеннің қолында екенін айтты.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарушы директоры Айгүл Қазжанова байқауды қорытындылай келе жас зерттеушілердің жобаларына қызығушылық танытқан кең байтақ Қазақстанның әр қырынан жиналған жалпы білім беру оқушыларына, баласы атқа қонса тақымын қысар барша ата-аналар қауымына жылы лебізін білдірді.

– Осы жерге жиналған жас зерттеушілеріміз байқауға арнайы шақырылған қазақстандық ғарышкер ағаларының, танымал зерттеушілер мен сарапшылардың ойларын, әңгімелерін тыңдау арқылы сарқылмас байлыққа кенеліп, үлкен шабыт алды деп ойлаймын. Шеберлік сағаттар мен зымыран ұшыру, жобалар қорғау оқушыларды ғарышқа бір табан жақындатқаны анық. Кездесуге келген ізденімпаздар болашақта ғылым саласында биік белестерді бағындырады деп сенемін, – деді Айгүл Қазжанова.

 

 

 



Қаралым: 156
Жарияланған: 18 Наурыз