Жаңалықтар

Наурыз – 2019: «Ғарыш. Ғылым. Интеллект»


Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Ғарыш. Ғылым. Интеллект» тақырыбына арналған ІХ Наурыз кездесулерінің алғашқы күні өз мәресіне жетті. 

Наурыз кездесулерінің өткізілу орны кездейсоқ таңдалған жоқ.  Ежелгі Сыр жерінде алғаш рет адам ғарышқа ұшты.

– Жастар жылына арналған Наурыз кездесулерінің басты айырмашылығы – оқушылардың Байқоңыр ғарыш станциясында ғарыш зымыранының ұшуын өз көздерімен тамашалауы арқылы басталуында болды, – деді дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымының міндетін атқарушы Светлана Испусинова  «Хабар24» телеарнасының тікелей эфирінде.

IX Наурыз кездесулерін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев және қазақстандық ғарышкер Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов ресми түрде ашты. Ақтөбедегі Зияткерлік мектептің оқушылары көрермендерді «NIS Station» ғарыш станциясына шақырып, «NIS Space Explorers» әуе кемесін қондыру арқылы ғылыми жобалар байқауының басталғандығын хабарлады.

NASA және SpaceX секілді ғарыш саласының көшбасшы орталықтарында еңбек өтілі бар космонавтика саласының халықаралық сарапшысы Майкл Лутомски және NASA-ның ғылыми зерттеушісі Правин Пратапан кездесудің басты спикерлерінің бірі болды.  

Наурыз кездесулері барысында әуеғарыш инженерия саласының ең өзекті мәселелерін қозғайтын 80-нен аса ғылыми жобалар таныстырылды. Олардың ішінде – аспан денелері мен ғарыш аппараттарының 3D моделі, орбита станция жобалары, әмбебап борт құрылғылары, көпфункционалды зымырандар, ғарыш ассисстентінің прототипі және лазер энергиясы мен толықтырылған шынайылық сынды инновациялық технологияларды қолдану бар.  Жас зерттеушілер Халықаралық Ғарыш станциясын қоқыстан тазарту және ғарышкерлердің борттағы жағдайын оптимизациялау  –  тамақтану, медицина, арнайы жабдықтау мәселелеріне ерекше назар аударды.

Ғарышкерлер Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов зияткерлердің жобаларымен танысты. Қазақстанның Халық батырлары балалардың идеяларының өзектілігі мен білімдерінің тереңдігін ерекше атап өтіп, Зияткерлік мектептердің оқушыларының жобаларына жоғары баға берді.

Қатысушылардың Наурыз кездесулерінің алғашқы күнінде асыға күткен шарасы – ғарышкерлермен кездесу болды. Жастардың Талғат Амангелдіұлы мен Айдын Ақанұлына сұрақ қою үшін ұзын сонар кезекке тұруы, бұған дәлел.

Сонымен қатар, IX Наурыз кездесулері барысында зымыран құрастыру мен зерттеуге арналған құрылғылар – телескоп,  VR-көзілдірік пен планер, парашюттерді дайындау бойынша шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.

Алғашқы күннің соңында қатысушыларға Қызылорда қаласына экскурсия ұйымдастырылып, делегация Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті мен Оқушылар сарайына барды.

Наурыз кездесулерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері ертең анықталады.

 



Қаралым: 210
Жарияланған: 18 Наурыз