Жаңалықтар

Зияткерлік мектептер командасы – ел үздіктерІ


Республикалық ғылыми жобалар байқауының қорытындысы бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептерінің командасы гран-при және «Үздік команда – 2019» атағын жеңіп алды.

Конкурстың қорытынды кезеңі Алматы қаласындағы  «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және денсаулық орталығы базасында өтті. Оған бүкіл Қазақстаннан 800-ден астам мектеп оқушылары қатысты. Байқаудың ұйымдастырушысы – «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы.

Нәтижесінде Зияткерлік мектеп  оқушылары 33 жүлдеге ие болып – команда қоржынында 14 алтын, 11 күміс және 8 қола медаль бар. Бұл командалық сайыста жеңіске жетуді қамтамасыз еткен, жас зияткерлердің ғылыми жұмыстарын  қазылар алқасы жоғары бағалады.

Ақтөбелік оқушылар Нұрдәулет Таумергенов пен Карен Долмағамбетовтың  «GloveSpeaker» мылқау жандарға арналған қолғап  жобасы жұртқа тағы бір қайталанбас әсер сыйлап бірінші орынға ие болды.  Жеңімпаздардың арасында Павлодарлық – Даниил Орел да бар. Ол өз кезегінде жасанды интеллект пен медицина интеграциясының ең жақсы мысалы ретінде белгілі  «Жүрек – қантамыр ауруларын машиналық оқыту әдістері» жобасымен,  елордалық  физика–математикалық бағыттағы Зияткерлік мектептің оқушысы Батырхан Баймұқанов өзінің саңырқұлақ өсіру жобасымен және өскемендік Мағжан Сағынғанов 19 ғасырдың аяғынан бастап 20 ғасырдың 50 жылдарына дейінгі танымал мамандықтың маңыздылығын және аймақтың даму тарихын ашып көрсететін  «Ат айдаушы: тау – кен өнеркәсібінің  ұмытылған ежелгі мамандығы» атты жобасымен алтын медальдар санын толықтырды.

Олармен қоса жоғары бағаны ақтаулық Фарида Оспанова «Түпқараған ауданында туризмді дамытудың қарапайым әдістері» жобасымен, талдықорғандық Оксана Дмитриенко мен София Қожабекова биология бойынша ғылыми жобаны ұсынған «Табиғи экожүйелерді оқшаулау және мұнай мен мұнай өнімдерінен қоршаған ортаны тазалауға қатысатын микроорганизмдерді зерттеу» жобасымен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Үздік жұмыстардың авторы болып тараздық Ақтоты Бостан мен Мира Мырзабаева, Алматы қаласы физика – математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Шаким Амели, Қарағандылық Ерасыл Тұраров, Қостанайлық Жұлдыз Уәлиханқызы мен Семейлік Аяжан Тоқтарғазы танылды.

Жеңімпаздар бүгін мектепшілік  сап түзеуде салтанатты түрде  марапатталды.

Айта кету керек байқау өткізген «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық оқу-сауықтыру орталығының бас директоры  тараздық оқушылар, жеңімпаздар тізіміндегі Абылай Сыдықов пен Файми Зуфаровқа алғыс хаттар табыс етті.

Республикалық конкурс қорытындысы бойынша Қазақстан  құрамасы жинақталып АҚШ–тағы Феникс қаласында мамыр айында  өтетін халықаралық The Intel International Science and Engineering Fair – 2019 оқушылар арасындағы ғылыми жобалар конкурсына қатысады. 



Қаралым: 176
Жарияланған: 18 Ақпан