Жаңалықтар

GloveSpeaker қолғабын жасап шыққан зияткерлер авторлық құқыққа ие болды


Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Нұрдәулет Таумергенов пен Карен Долмағамбетов мылқау жандарға арналған GloveSpeaker қолғабына авторлық құқық алды.

Қолғапты пайдалану принципі өте қарапайым – әртүрлі датчиктер мен сенсорлардың көмегімен құрылғының пайдаланушысы ым арқылы сөздерді оқи алады. Кейін, барлық ақпарат телефондағы қосымшаға беріледі де дыбысталады. Бір қолғаптан 32 сөз тіркесін алуға болғанымен қатар  екеуін бірдей пайдаланғанда, сөз тіркестер саны 1024-ге дейін артады.

– Ең басында бізді қоғам үшін пайдалы нәрсе жасау идеясы итермеледі. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамытуына қарамастан, мылқау адамдардың мәселесі әлі шешілмеген. Біздің мектептің биология пәні мұғалімі Людмила Трубникованың ұсынысы бойынша осы бағытта тереңірек ізденіп, жобаны іске асыруды шештік», – деп атап өтті Карен Долмағамбетов.

Бүгінгі таңда GloveSpeaker –  бұл НЗМ студенттерінің ең танымал және атақты жобаларының бірі. Мылқау адамдардың өмірін едәуір жеңілдететін, әлеуметтік бағыттағы бірегей туынды ғылыми қоғамды бей–жай қалдырмады. Сонымен қатар, өткен жылы Нұрдаулет Таумергеновтің осы жобамен Якутиядағы 2018 халықаралық ғылыми ойындарында жеңіске жетуі БАҚ-дағы басты жаңалықтардың бірі болды.

–Біз жобаны бір жыл бұрын іске асыра бастадық. Өндірістік процессте ең қиыны қолғапты шынымен іске қосу болды. Енді авторлық құқықты алғаннан кейін қолғаптың жаппай өндірісін бастау үшін жобаға патент алуды жоспарлап отырмыз. Сондай – ақ есту қабілеті бұзылған балаларға арналған Ақтөбе облыстық түзету мектебіне бірнеше қолғап беруді жоспарлап отырмыз, – деп бөлісті Нұрдәулет.

Сонымен қатар республикалық Tengrinews порталы Нұрдәулет Таумергенов пен Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Алихан Шакиманмен бірге  «Әлемді ғылым көмегімен жақсартуға ұмтылатын 5 оқушы» атты түрлі елдердің жас өнертапқыштары ұсынылған рейтингісінің тізімін толтырды.

 



Қаралым: 117
Жарияланған: 13 Ақпан