Жаңалықтар

Əлемдік доданың жеңімпаздары


 Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Лондонда өткен «VEX Robotics Competition-2019» - робототехника жəне инженерлік жобалар сайысының жеңімпаздары атанды.

Зияткерлер жарысына Қазақстан атынан Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары қатысты. Ұлдар командасы: Бақтияр Теміров, Жәнібек Манабаев. Қыздар: Ділназ Камалова, Любовь Дудченко және Малика Бөрібаева.

 Жарыс 9-ақпанда Лондонда өтті. Оған 32 команда қатысты: Ұлыбританиядан 24, Түркиядан 6 және Қазақстаннан 2 команда.

 Қазақстандық команда жарыстың алғашқы сайсында топ жарып, жүлдегерлер қатарынан көрінді. «Бірінші кезең жекелей сайыс «Skills challenge» деп аталды. Яғни құрастырылған әр роботтың мүмкіндігі бағаланды. Басты талап роботымыз 1 минуттың ішінде көп ұпай жинап, жылдамдық пен басқару бағдарламасынының жоғары деңгейін көрсету керек болды. Біз тапсырманы мүлтіксіз орындап, 1 орын алдық»,-дейді жарысқа қатысқан Бақтияр Теміров. Бұл ұлдар командасының алғашқы сайыстағы қорытындысы, ал қыздар 2 орын иеленді.

 Екінші кезең нәтижесінде, командалық жұмыс сараланды. Қарсыластарымен сайысқа түскен ұлдар командасы 2 орын иеленді.

«Төрешілер Қазақстандық команда құрастырған роботтардың дизайнына және қатысушылардың зияткерлігіне жоғары баға берді. Әлем бойынша робот құрастырудан Ұлыбритания көш бастап тұр десек, біздің команданың жұмысына халықаралық төрешілер таңданыспен қарады»,- дейді Любовь Дудченко.

Айта кетейік, 23-24 ақпанда елімізде робототехникадан «VEX Robotics» республикалық жарысы өтеді. Бүгін жүлделі оралған оқушылар сол сайысқа да қатысады. Сынақтан сүрінбей өтсе АҚШ елінде өтетін VEX-тің ең ауқымды әлемдік жарысына жолдама алады.

 



Қаралым: 305
Жарияланған: 11 Ақпан