Жаңалықтар

Зияткерлік мектептердегі MIT студенттерінің сабақтары


Бес Зияткерлік мектепте Массачусетс технологиялық институты (АҚШ) магистранттары тәжірибеден өтуде.

Қазақстанға жалпы саны 11 адам келді. Биыл қонақтарды Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Семей қалалары қарсы алуда. Әлемнің зерттеу  саласындағы үздік оқу орны студенттерінің математика, физика, информатика, химиядан сабақтары бір апта бұрын басталды. Шетелдік машықкерлер өздері үшін бейтаныс елмен танысып, мектептер туралы әсерімен бөлісіп үлгерді.

– Бұл менің алғашқы саяхатым болғандықтан, Қазақстанды сан қырынан танудамын, – дейді елордадағы физика-математикалық бағыттағы Зияткерлік мектепке келген Эндрю Сорэнсон. – Менің ойымша, бұнда оқушылардың сапалы білім алуына мүмкіндік мол. Балалар ашық, өзара тату.

– Алматының әсем табиғатына, әсіресе, Іле Алатауына ғашықпын. Медеуде сырғанақ теуіп те үлгердім. Республиканың өзге өңірлеріне барамын деген жоспар бар. Әсіресе, Байқоңырды көруді армандаймын, – дейді Алматыдағы химия-биологиялық бағыттағы мектепте физикадан дәріс беретін Ханна Диль.

– Әріптесім Саранеш Прембабу екеуміз мектепке деген таңдасымызды жасыра алмаймыз. Оқушылар да жаңа нәрсені білуге құштар, кері байланысқа белсенді араласады. Саранеш Астанаға бармақ ниетте.

MIT-де химиялық инженерия саласында білім алып жатқан Вайолет Фелт зияткерлер үшін «Идеядан лабораторияға дейінгі зерттеу» бағдарламасын дайындады. Оқушылар практикалық сабақтарда химиялық элементтердің белгісіз қосылыстарын анықтайды.

– Маған Қарағанды қаласы ұнайды және қазақ мәдениеті туралы көбірек білгім келеді, – дейді Вайолет.

– Зияткерлік мектеп оқушылары шетінен ақылды, оқуға деген ынтасы зор. Дәл осындай мүмкіндіктің маған бұйырғанына қуаныштымын, – дейді Кристофер Вомак.

Кристофер Массачусетс технологиялық институтында аэроғарыштық инженерия мен зымыран жасау саласын меңгеруде. Оның курсында НЗМ оқушылары өз зымырандарын жасап, іске қосады.

Шымкент қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жоғары сынып оқушылары STEM және физиканы Лара Шонквилер және Мелисса Мумен бірге оқуда.

– Бұл мектеп мүлде бөлек. Бұнда оқушылар біз колледжде де пайдалана алмаған жаңа технологияларды қолданады. Сонымен қатар олар өнерлі, сыпайы, – деп ағынан жарылды Лара Шонквилер. 

Барлық машықкерлер жергілікті отбасылармен бірге тұрады. Бұл оларға Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрін жақынырақ тануға мүмкіндік береді.

Массачусетс технологиялық институты студенттерінің Зияткерлік мектептердегі тәжірибесі осымен үшінші жыл MISTI Kazakhstan «Global Teaching Labs» жобасы аясында өтеді. Бағдарлама алғаш рет 2017 жылы Қарағандыда басталып, оң нәтиже көрсетті.  «Global Teaching Labs» басты мақсаты – студенттердің жаратылыстану-математика пәндері бойынша білімдерін тереңдету, теориялық білімді практика жүзінде қолдана білу дағдыларын дамыту, салыстырмалы ойлауды және мәдени сауатты дамыту.

 



Қаралым: 187
Жарияланған: 22 Қаңтар