Жаңалықтар

Күләш Шәмшидинова – «Батыс Білім Таlks» алаңында


Оралда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың қатысуымен «Батыс Білім Таlks» жобасының кезекті сессиясы өтті. Білім беру лекторийіне өңір басшысы Алтай Көлгінов, облыс педагогтары қатысты.

Батысқазақстандық ұстаздармен жүздескен Күләш Ноғатайқызы «Өндірістік революция жағдайында адами капитал мен білім беру жүйесіне қойылатын жаңа талаптар» жөнінде кеңінен әңгімеледі.

– Біз баланы ойлануға, қателесуге, іздегенін табуға, оны жүйелендіріп, соңында пайдасына асыруға дағдыландыруымыз қажет. Сол арқылы ол алдынан шыққан мәселенің шешімін таба алады, – деді Күләш Ноғатайқызы.

Бар әлем білім саласын жаңарту бағытында жұмыс жасап жатқанын баса айтқан Күләш Ноғатайқызы мұғалімнің өзін дамытуының, ата – анамен бірлесіп жұмыстанудың қажеттігін, оқушыларды қоғамдық жұмысқа тарту, бала кезден денсаулығын күту мәдениетін қалыптастыру, күн тәрітібін дұрыс  жоспарлау туралы пікірін айтты.     

Лекторийге қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов зияткерлік мектептер тәжірибесіне тоқталып, жоспарларымен бөлісті.

– Біз үздік деп мойындалған тәжірибені өңірдің өзге мектептеріне таратуға күш салудамыз, – деді Алтай Сейдірұлы.

Оралға сапары барысында Күләш Ноғатайқызы Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжде де болды. Облыстың жалпы білім беретін мектептері мұғалімдерінің 20 пайызын аталған колледж түлектері құрайды. Ұстаздармен өткен басқосуда колледжді дамытудың алгоритмі, осы саладағы түйткілді мәселелер сөз болды.

 



Қаралым: 251
Жарияланған: 22 Қаңтар