Жаңалықтар

IESO – 2019: Оңтүстік Кореяға бағыт


Ақтөбе қаласындағы Зияткерлік мектептің оқушысы Рустам Валеев Оңтүстік Кореяда өтетін Халықаралық геологиялық IESO – 2019 олимпиадасының іріктеу кезеңінде ең үздік нәтиже көрсетті.

Рустам – Астана қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің оқушысы Амир Жолдасбеков, Өскемен қаласы №1 лицей оқушысы Алмас Искандеров және елордалық №4 гимназия оқушысы Айбиге Жағыпаровамен бірге  Қазақстан намысын қорғайтын болады. (Финалға шыққандардың тізімі  «Жас геолог» қорының корпоративтік сайтынан алынды)

–  Олимпиадаға үш ай бұрын дайындала бастадым. Бұдан бөлек, тілдік дағдымды жақсарту керек болды. Себебі барлық тапсырмалар ағылшын тілінде беріледі. Әлемдік деңгейде елімнің намысын қорғайтыным үлкен жауапкершілік екенін сезінемін. Сондықтан бар күшімді саламын, – деді  Рустам Валеев.

Халықаралық Жер туралы ғылым олимпиадасы (International Earth Science Olympiad)  – орта мектептің оқушылары арасында геология, метеорология, океанография және астрономия сынды пәндер бойынша өтетін жыл сайынғы конкурс. Енді қазақстандық оқушылар Шахмардан Есенов атындағы ғылыми-білім беру қорының қолдауымен Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласына аттанады.

Жыл сайын Зияткерлік мектептердің оқушылары әлемдік кезеңнің жеңімпаздары қатарында. 2017 жылы Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Аружан Қалымова мен Мөлдір Шыңғыс командалық сайыста күміс жүлдені иеленген. 2018 жылғы IESO – да Камила Қажен (Астана қаласы оқушысы) сайыстың екі түрінен Earth System Project (ESP) және International Team Field Investigation (ITFI) алтын медаль иеленсе, Алматылық Ақназар Қажымұрат күміс медаль иегері атанды.

 



Қаралым: 276
Жарияланған: 21 Қаңтар