Жаңалықтар

Германия жайлы арман шындыққа айналды


 Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 15 оқушысы Гете-институты ұйымдастырған байқаудың  жеңімпазы атанды. Олар Павлодар өңірінің неміс диаспорасы туралы  "Германия туралы арман" атты жобаларын ұсынған болатын.  Жеңіске жеткен оқушыларға "Träume von Deutschland" оқушылар алмасу бағдарламасы бойынша Германияға екі апталық сапар сыйға тартылды.

 Айта кету керек, барлық оқушылар неміс тілін екінші шет тілі ретінде таңдап, оны үшінші жыл қатарынан оқып келеді. Бұл сапар олардың тілдік дағдыларын одан әрі жақсартуға тамаша мүмкіндік болып отыр. "Германия – бұл өмір сүру деңгейі өте жоғары дамыған ел. Біз екі апта бойы Франкфурт қаласында тұрдық, Гете-Шуле гимназиясының жергілікті оқушыларымен бірге сабақтарға қатыстық. Аз ғана уақыта аралығында өзімізге жаңа достар тауып және алдағы уақытта да достығымызды одан әрі жалғастыратын боламыз" , -дейді  Алишер Ашекеев.

 Балалар неміс отбасыларында тұрып, Бонн, Марбург, Вецлер, Гиссен қалаларына да сапар шекті. Германия мәдениетімен танысып, сол қалалардағы мұражайларды, тарихи орталықтар мен басқа да көрікті жерлерді аралады. Неміс тілі мұғалімі Әдемау Ақылбекова атап өткендей, бағдарламаның негізгі мақсаты оқушылардың  тіл тасымалдаушылармен тікелей араласа отырып, тілдік қорын байыту.

 Абылайхан Мұстафин неміс мектептерінде білім ала отырып, Германия  мектептері  мен Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі білім беру жүйесінің ұқсастығын аңғарған екен. Бүгін балалар алдағы жылдың сәуір айында неміс оқушыларының Қазақстанға жасайтын жауапты сапарына дайындалу үстінде. Алтынсара Бахтиярова өз жоспарларымен бөлісті: "Қонақтарға ең алдымен  Астанамызды көрсеткіміз келеді. Егер олар Наурыз мерекесін тойлау кезінде келетін болса, онда қонақтарымыз біздің ұлттық мәдениетімізді, дәстүрімізді және әдет-ғұрыптарымыздың сан алуандығын тамашалайтын болады ".

 

 

 

 

 



Қаралым: 21
Жарияланған: 11 Қараша