Жаңалықтар

«Үміт» Қызылордадағы Зияткерлік мектепте


 Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебін «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері болды. Олар мектеп ішін аралап сондай-ақ Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевпен кездесті.

«Үміт» балалар үйінің елу тәрбиеленушісі екі облыс арасында қолға алынған «Ұлт руханиятының алтын қазығы - Сыр елім!» атты Республикалық шарасы аясында Сыр еліне аяқ басты. Жобаның мақсаты ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды Қызылорда өңірінің тарихымен таныстыру арқылы бойындағы ұлтжандылық сезімін ояту, еліне деген сүйіспеншілікті арттыру, білім көкжиегін кеңейту болды. 

Екі күн бойы қонақтар аймақтағы тарихи-мәдени орындарды аралап, «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен «Қорқыт Ата» мемориалды кешеніне саяхаттады. Облыс орталығында өскемендік балалар «Атамекен» балалар ауылының тәрбиеленушілерімен бірлескен шығармашылық концерт ұйымдастырып, Назарбаев Зияткерлік мектебінің жұмысымен танысты. Елбасы есімімен аталатын мектепті көруге ерекше қызығушылық танытқан балаларды зияткерлік мектептің өзін-өзі басқару ұйымының көшбасшысы мен мүшелері қарсы алды. Танымдық экскурсия барысында қонақтар оқу кабинеттерін, спорт залы мен мәжіліс залын көріп, кітапхана мен жатақхана жұмысымен танысты. Сонымен қатар, балалар үйінің тәрбиеленушілері оқушылардың білімде, ғылымда және спортта жеткен жетістіктеріне тәнті болып, оқушылар арасында жүргізілетін әлеуметтік жобалар мен тәжірибелері туралы ақпарат алды. 

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевпен ашық әңгіме барысында қонақтарға өңірдегі жастарға жасалып жатқан қолдау туралы ақпарат беріп, жас жеткіншектердің мамандық таңдау, адами құндылықтар мен жетістікке жетелейтін дағдылар туралы сұрақтарына жауап беріп, оларға естелік сыйлық табыстады.

 



Қаралым: 24
Жарияланған: 09 Қараша