Жаңалықтар

Якутск халықаралық ғылыми жәрмеңкесінде абсолютты жеңіс


Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Нұрдәулет Таумергенов «Yakutsk International Science Fair» атты Халықаралық ғылыми конференция-байқауында Гран-при жеңіп алды.

«Мектеп оқушысы GloveSpeaker қолғаптарын қолдана отырып, ымдау тілінен ауызша сөйлеуді синтездеу бойынша өз жобасын ұсынды. Оның өнертабысы мылқау жандармен көп күш жұмсамай-ақ сөйлесуге көмектеседі. Жеңімпазға 5000 АҚШ доллар сертификатын Халықаралық зияткерлік ойындарының бағдарламалық комитетінің төрайымы, Сингапур ұлттық университетінің профессоры Леон Чуан Квек  және «Майтон» компаниясының президенті Александра Баишева тапсырды», деп Саха Республикасы Мемлекеттік жиналысы (Ил Түмэна) ресми сайты хабарлайды.

«Бұл жоба мылқау адамдардың өмірін жеңілдетуге бағытталған. Нұрдәулет өте қарапайым датчиктерді жасаған, сол себепті оларды нақты өндіріске енгізуге болады », – деді Якутияның білім және ғылым министрі Владимир Егоров.

Алға ауданының тумасы Ақтөбе қаласындағы Зияткерлік мектептін жатақханасында тұрып, білім алады. Үздіктердің қатарындағы оқушы және домбыраның құлағында еркін ойнайтын Нұрдәулет биылғы жылы ол тоғызыншы сыныпты үздік аяқтады. Зияткерлік мектеп оқушысы GloveSpeaker жобасымен үш жыл жұмыс істеп келеді. Оған қоса Нұрдәулет Наурыз айында өткен Астанадағы VIII Наурыз кездесуінің жеңімпаздарының бірі болды. Қазылар алқасының мүшелері зор әлеуметтік маңызы бар Зияткерлік мектептің оқушысының бірегей өнертабысымен тәнті болды. ҚазБСҚА ректоры Ерік Бесімбаев жас өнертапқышты құттықтап, еліміздің бас сәулет-құрылыс университетінде тегін білім алу грантын ұсынды.

«Мылқау жандар, ымдау тілінде «сөйлесіп», бұл тілді ұялы телефон арқылы әдеттегі сөзге аудара алады. Бір қолғаптан 32 сөз тіркестерін алуға болады, ал екі қолғапды бірдей пайдалану арқылы, сөйлемдер саны 1024 дейін ұлғайтылуы мүмкін», – деді Нұрдәулет Elorda Aqparat порталымен сұхбатында. «Біз жай ғана тілінің мүкісі бар адамдарға көмектескіміз келді. Қолғапты су өткізбейтін, қыста жылу беретіндей немесе көктемгі-жазғы кезеңдерде жұқа қылып жасауға болады», – деп ол Зияткерлік мектептің журналистерімен бөліскен болатын.

«Yakutsk International Science Fair»  Халықаралық зияткерлік ойындар шеңберінде өтіп, 18 елдің 700 дарынды баласын қатысуымен өткен. Аталмыш іс-шараға Зияткерлік мектептердің жеті оқушысы қатысып, Гран-приге ғана қол жеткізбей екі I орынға және алғыс хаттарға ие болды.



Қаралым: 150
Жарияланған: 16 Шілде