Жаңалықтар

Кембридждің кезекті мойындауы


Кембридж университетінің сайтында «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» статусын ресми түрде растайтын жаңа ақпараттық хабарлама пайда болды.

Кембридж университетінің ресми сайтында Қазақстаннан келген үміткерлерге арналған ақпарат жаңартылды. Енді Назарбаев Зияткерлік мектептерін бітірген туралы куәлік қатаң іріктеу өлшемдері бар Кембридж университетінің бакалавриатына түсу үшін негіз бола алады. Зияткерлік мектептердің сертификаты әлемдегі ең беделді университеттердің біріне түсуге мүмкіндік береді. Бұл Cambridge A Levels, IB Халықаралық бакалавриат және Advanced Placement сынды мойындалған білім беру бағдарламаларымен тең.

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 12 сыныбын аяқтағаны туралы куәлігі бар үміткерлерге төмендегідей ұсыныстар бар:

1) Гуманитарлық ғылымдарға (экономикадан басқа), психологияға және мінез-құлық ғылымдарына және ветеринарлық медицинаға 2019 жылға Кэмбридж бекіткен озық деңгейдегі пәндер бойынша A*AA бағалауына негізделетін болады.

2) Басқа жаратылыстану ғылымдарына (психология және мінез-құлық ғылымдары мен ветеринарлық медицинадан басқа) және экономикаға қабылдау 2019 жылға Кембридж бекіткен озық деңгейдегі пәндер бойынша А*А*А бағасына негізделеді.

Кембридж университетінің сайтындағы жаңалық – Зияткерлік мектептерді халықаралық мойындаудың заңды жалғасы. Бұрын, британиялық белді ұйым UK NARIC (National Recognition Information Centre) – Ұлыбританияның білім куәлігін тану жөніндегі ұлттық ақпарат орталығы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің NIS-Programme оқу бағдарламасын халықаралық General Certificate of Education A-Level (GCE A-Level) деңгейімен тең деп мойындады. Аталған бағдарлама әлемнің барлық үздік университеттерінде мойындалған. Бұл бағдарлама бойынша білім алған түлектер ешқандай қосымша емтихан тапсырмастан және университетке дайындайтын Foundation курсын оқымастан жоғары оқу орынға түсе алады.

2018 жылдың мамыр айында Зияткерлік мектептердің сертификаты Германия Федеративтік Республикасынан тағы бір халықаралық мойындауға ие болды. ГФР Білім және мәдениет министрлер кеңесі неміс елінің жоғары оқу орындарына Назарбаев Зияткерлік мектептерінің түлектеріне арналған арнайы нұсқаулық жіберді. Кеңес Зияткерлік мектептер түлектерінің сертификатын Германияның жоғары оқу орындарында тікелей білім алуға жарамды деп тапты. Бұл туралы ГФР-дың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рольф Мафаэльдің «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы басқармасының төрайымы Күләш Шәмшидиноваға  жолдаған ресми хатында жазылған.

Бүгінгі таңда Назарбаев Зияткерлік мектептердің оқу бағдарламасы қазақстандық жоғары оқу орындары тарапынан да мойындалып отыр. Зияткерлік мектептерінің түлектері Назарбаев Университетінің бакалавриат бағдарламасына университетке дайындайтын Foundation курсын оқымастан қабылданады. Қазіргі таңда Зияткерлік мектептердің түлектері Қазақстан-Британ техникалық университетіне (ҚБТҰ), КИМЭП Университетіне, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне (ҚазҰТУ), Алматы менеджмент университетіне (AlmaU), Алматы энергетика және байланыс университеті (АЭБУ), Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті (АӨМУ), С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Халық шаруашылығы университетіне («Бизнесті әкімшілендіру бакалаврі» мамандығына), Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне («Ақпараттық қауіпсіздік» мамандығына) екінші курсқа қабылдана алады.



Қаралым: 42
Жарияланған: 09 Шілде