Жаңалықтар

Роботтар жаңа әлемді ашады


Астанада робототехникадан  World Robot Olympiad  атауымен өткен республикалық чемпионат аяқталды.  Шараның ұлттық үйлестірушісі- «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы.

Жарыс төрт санаттан тұрды, дәстүрлі «базалық», «креативті», «роботтар футболы» және жаңа санат – «Smart city».

Астана қаласының халықаралық мектебінде, еліміздің түпкір-түпкірінен әр түрлі жастағы 250 ден астам оқушы жиылды. Сайысқа қатысқан Зарина Тұрғанбекова мен Алдияр Айткенов бар болғаны жеті жаста. Павлодардан келген балалар оқу үздіктері. 

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ төрайымы Күләш Шәмшидинова бірінші болып жас робототехниктерге сәттілік тіледі. Дәстүрлі қызыл лентаны бұл жолы Күләш Ноғатайқызына екі дрон төбеден ұшырып әкелді. Мұны зал таңқалыспен және қошеметпен қарсы алды.  

«WRO 2018» тақырыбы «Астың маңызы» деп аталды. Сондықтан болар жобалардың басым бөлігі тағамдармен байланысты болды.  Органикалық су капсулаларын жасайтын робот, тағамға арналған 3D принтерлер, жарма ботқасын дайындайтын робот, ақылды азық-түлік дүкендері, роботтық саңырауқұлақ фермасы, робот бағбандар – жалпы балалардың әкелген идеялары тың әрі қызықты екені байқалды.  Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жұлдызды командасының биылғы идеялары да әдеттегідей ерекше.  Атақты тренер Николай Авдюниннің бастамасымен жас өнертапқыштар Даниил Филимонов пен Абдырасул Расулов «Space garden» немесе «ғарыштағы жылыжай» деп аталатын жұмыстарын қазылар алқасына ұсынды.  Бұл құрылғы ұзақ ғарыштық экспедицияларға арналған кеңістіктегі өсімдіктерді автоматты өсіру болып табылады. Робот станцияда ұшып жүріп егін егіп оны жинаумен, сонымен қатар күтіп баптаумен айналысады.

Сайыста аштыққа қарсы жаһандық күреске арналған бірқатар қызықты жобалар болды. «Hunger Fighter» деген атаумен ұсынылған жұмысты   Ақтөбе қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Тимур Жаникаев пен Асан Қожин жасаған. Олардың роботтары тағамды молекулалық асханалық принцип бойынша дайындайды және тасымалдау кезінде азық-түлікті ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді.

Шымкент қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Заи» жобасының негізін жасаған. Топырақты қайта қалпына келтіретін жобаның негізін қалауға, олар африкалық фермердің тарихынан шабыт алыпты. Якуб Савадаго есімді фермер дәстүрлі африкалық агрономия арқасында Буркино-Фасодағы қуаңшылықпен күресіпті.

Оқушылардың басым бөлігі үшін робототехника олардың өмірінің бір бөлігіне айналғандай. Мысалы Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің он жасар оқушысы Софья Кокорина, осымен екінші мәрте жарысқа қатысып жоғары нәтижеге қол жеткізді. Ұлттық чемпионатқа қатысып жобасының үздік үштікке енуінің арқасында ол былтыр Коста-Рикада өткен  әлемдік сайысқа қатысуға мүмкіндік берді.

Софья қорытынды нәтижелер шықпас бұрын: «Роботтар жаңа әлемді ашады. Бұл өз кезегінде қызықты тәжірибе болды. Себебі былтыр мен әлемнің басқа бұрышында, күллі мемлекеттерден жиналған оқушыларды көрдім. Біз биыл да жақсы нәтиже көрсетеміз деп ойлаймын» – деген еді. Биыл оның командасы Ұлттық чемпионатта екінші орында тұрақтады.  

Әр санаттағы топтардың ішінен еліміздің мықты робототехниктары анықталды. «Қолдайық ауыл мектебін» номинациясы аясында Қарағанды облысы Ағадыр ауылының Мәншүк Мәметова атындағы орта мектеп оқушылары Марк Перпечкин мен Мақсат Қожағұлов сыйлыққа ие болды. Ең креативті жоба номинациясын Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің  оқушылары Алдияр Жангулов пен Сұлтан Насыров алды. Аквапоника принциптеріне негізделген тірі балықпен «Dataponics» жобасы ешкімді бей-жай қалдырмады.  «Smart city» санаты бойынша Алматы қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Нұрберген Ағаділ мен Мирас Нүсіпов жеңіске жетті. Олар «Road of the Future» атты болашақтағы жолдардың жағдайы жайлы жоба ұсынды.

Көрші Ресейде өтіп жатқан әлем Кубогына байланысты ерекше қызығушылық биылғы жылы «Футбол роботтары» санатына себеп болды. Үздік «ойыншылар» Петропавл қаласының Зияткерлік мектебінің командасына болып, осы санатта олар жеңіске жетті.

Барлық жеңімпаздар жаттығу кездесулеріне қатысады. Содан соң робототехника бойынша ел намысын Тайландта қорғайтын ұлттық команда құрылатын болады. 2018 жылы робототехникадан әлемдік «WRO 2018» –өтпек.  Айта кету керек Тай елі  беделді чемпионаттың әлемдік кезеңін екі рет өткізуге ие болған жалғыз мемлекет. 



Қаралым: 110
Жарияланған: 23 Маусым